Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл әлемді 2035 жылға дейін темекі, алкоголь және тәтті сусындардың нақты бағасын кемінде 50 пайызға өсіруге шақырды. Ұйым бұл бір оқпен екі қоянды атуға мүмкіндік беретін бастама деп бағалап отыр: халық зиян өнімдерден бас тартып, бюджетке қосымша кіріс түсіруге мүмкіндік туады. «3 by 35» деп аталатын жаңа бастаманы ДДСҰ созылмалы аурулардың жиілеп кетуіне алаңдаған соң ұсынғанын мәлімдеді.
Темекі, алкоголь және тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну созылмалы аурулардың кең етек жаюына себеп болып отыр. ДДСҰ дерегінше, жүрек ауруы, обыр және қант диабеті секілді аурулар әлемдегі барлық өлім-жітімнің 75 пайыздан астамына себеп болады екен. Ұйымның есебінше, осы өнімдердің бағасын 50 пайызға өсіру 50 жылда 50 миллион мезгілсіз өлімнің алдын алуы мүмкін.
– Денсаулық салығы – бізде бар ең тиімді құралдың бірі, – дейді ДДСҰ-ның денсаулықты нығайту және аурудың алдын алу жөніндегі бас директорының көмекшісі Джереми Фаррар. – Ол зиян өнімдерді тұтынуды азайтады және үкіметке денсаулық сақтау, білім беру мен әлеуметтік қолдауға қайта инвестициялайтын табыс береді. Қазір – әрекет ететін уақыт».
Жаза мен жанашырлық
«3 by 35» бастамасы аса ауқымды мақсат қойып отыр: 2035 жылға дейін бүкіл әлемде денсаулық салығы арқылы 1 триллион АҚШ долларына дейін табыс жинау. 2012-2022 жылдар аралығында әлемнің 140-қа жуық елі темекіге салықты көтеріп, оның шынайы бағасы орта есеппен 50 пайызға өскен. Бұл мұндай шаралардан нәтиже болатынын көрсеткен.
Мәселен, Колумбиядан бастап Оңтүстік Африкаға дейінгі денсаулық салығын енгізген елдерде тұтыну көрсеткіші төмендеп әрі бюджет кірісі өскен. Алайда көптеген мемлекет әлі де зиянды өнім шығаратын салаларға салықтық жеңілдіктер беруді жалғастырып жатқаны айтылады.
– Кейбір елдерде темекі саласына арналған ұзақмерзімді инвестиция келісімдері акцизді көтеруге мүмкіндік бермей, ұлттық денсаулық саясатын әлсіретіп отыр, – деп мәлімдеді ұйым.
ДДСҰ үкіметтерді осындай жеңілдіктерді қайта қарап, болашақта олардан бас тартуға шақырып отыр. ДДСҰ бастаған бұл коалиция түрлі халықаралық ұйымдарды біріктіріп, техникалық сараптама, саясаттық кеңес және нақты тәжірибе ұсынады.
Отандық өндіріске оң әсер етпейді
Елімізде тәтті сусындарға салық салу мәселесі 2020 жылдан бері талқыланып келеді, алайда заң жүзінде бекітілген жоқ. Нарық өте үлкен: жыл сайын 3,4 миллиард литр тәтті сусын тұтынылады, оның 90 пайызы ел ішінде өндіріледі. Жалпы, нарық құны 1 миллиард доллардан асады, ал бұл салада 6 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Мәселен, әр литрге 20 теңгеден акциз салынса, жылына 70 миллиард теңге бюджетке түсуі мүмкін. Дегенмен Үкімет депутаттардың барлық тәтті сусынға акцизді өсіру туралы ұсынысын қабылдамады. Өндірушілердің айтуынша, акциз салынса, 2029 жылға дейін өндіріс көлемі 2,9 миллиард литрге дейін қысқарып, импорт артып, салық түсімі керісінше азаюы мүмкін.
Тағам саясаты қажет
Десе де, еліміздегі демографиялық, медициналық көрсеткіштер де алаңдатып отыр. Кейінгі бес жылдағы өлім-жітімнің басты себебі – жүрек-қан тамыр аурулары, тыныс алу және ас қорыту жүйелеріндегі кінәрат.
Бірақ салық саулықты сақтаудың басты тетігі деу сыңаржақ пікір болар еді. Бізге толыққанды тағам саясаты қажет екені көптен бері айтылып келеді. Қоғамды ақпараттандыру, жарнамаға шектеу қою, өнім құрамын ашық көрсету және пайдалы баламаларды қолжетімді ету де – аса маңызды. Мәселен, Ұлыбританияда өнім құрамындағы қант, май мен тұздың мөлшерін көрсететін «Бағдаршам» жүйесі енгізілген, Еуропа мен Аустралияда «күніне бес порция көкөніс пен жеміс» кампаниялары сәтті жүріп жатыр. Мұндай шаралар тұтыну мәдениетін өзгертуге итермелейді.
Басты мәселе – қоғамның салауатты өмір салтына деген көзқарасына әсер ету, халыққа анық түсіндіру арқылы еркін таңдау жасауға мүмкіндік беру. Ал бір ғана акциз өнім бағасын аспандатып, әлеуметтік наразылық пен азық-түлік инфляциясын үдететін факторға айналуы ықтимал.