Иә, қазір Қазақстанды әлемнің біраз жерінде осылай атайды. Себебі еліміз өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері жаһандық маңызы бар істерге мұрындық болып келеді.
Ең алдымен, ядролық арсеналдан бас тарту арқылы әлемді бейбіт даму мен татулыққа шақырды. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстанның тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылы 23 мамырда Қазақстан Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядролық қарудан толық бас тартуға міндеттеме алды. Ал 2006 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан бірігіп, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялады. Сондай-ақ ядролық қаруды таратпау режимін нығайту бойынша БҰҰ мінберінде бірнеше рет бастама көтерді Бұл шешімдердің бәрі де халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған болатын. Одан бергі жерде де еліміз халықаралық дәрежедегі небір игі бастамаларды көтеріп, өзінің әлемде тыныштық ортатуға, демократиялық бағытта дамуға мүдделі ел екенін таныту-
да.
Әлем халықтары көптеген діни сенімді ұстанатыны белгілі, сондықтан наным-сенім мәселесі бойынша келіспеушіліктер болып тұрады. Осыны реттеу үшін Қазақстан діни толеранттылық пен бейбітшілік диалогын дамытуға бағытталған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін 2003 жылдан бастап еліміздің бас қаласы – Астанада өткізіп келеді. Ол да халықаралық деңгейде құпталған қадам болды.
Қазақстан аймақтық қауіпсіздікті сақтау жолында да көшбасшылық танытуда. Мысалы, Қазақстанның бастамасымен 1992 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) құрылған болатын, қазір оған Азиядағы 27 ел мүше болып отыр.
Міне осылай әлемдік саясатта өз орны бар екенін Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш рет БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне уақытша мүше (2017-2018) мәртебесіне ие болды.
Қазақстанның ұстанымына адалдығы жай мәселе көтерумен ғана емес, нақты істе көрінеді. Мәселен, Сирия мәселесін шешу үшін Астана процесі платформасын ұсынып, оның жүзеге асуы әлем назарын бұрып, жақсылыққа үміттендірді. Сондай-ақ Ресей мен Украина, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстарды Қазақстан әрдайым бейбіт дипломиялық жолмен реттеу қажет деген ұстаным білдірді.
БҰҰ аясында Қазақстан әскерилері бітімгерші әскери контингенттерге қатысып жүр. Осыған орай, 2000 жылы Қазақстандық бітімгершілік ротасы (Kazbat, кейін Kazbrig) құрылған. бүгінде рота Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысуға даярланған арнайы дайындықтан өткен құрылым болып саналады.
А.Жұмағалиұлы