«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс істеп тұрған 32 аудандық орталық аурухана жаңғыртылып, қайта жаңартылып, олар ауданаралық мәртебеге ие болды.
Мұндай ауруханалар бірнеше елді мекендердің, соның ішінде көрші аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сондай ауруханалардың бірі – Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының көпбейінді орталық ауруханасы.
Бүгінде республикалық бюджет қаражаты есебінен аудандық ауруханада күрделі жөндеу басталды. Жөндеу жұмыстарының көлеміне аурухана ғимараты, стационар, операциялық бөлме, ас блогы, қабылдау бөлімшесі кіреді. Бұдан басқа, инженерлік жүйелер (жылу, су, кәріз, электр, желдету) толығымен ауыстырылады, қауіпсіздік, өрт дабылы және бейнебақылау жүйелері жаңартылады, толыққанды жедел медициналық көмек қызметі іске қосылады. Ауқымды күрделі жөндеуден кейін, мәртебесіне сәйкес ауданаралық көпбейінді ауруханалар қызмет көрсете бастайды: көлемі кемінде 100 төсек – орны бар стационар, хирургия, терапия, акушерлік, педиатрия, реанимация сияқты мамандандырылған бөлімшелер. Сонымен қатар заманауи зертханалық және диагностикалық жабдықтар (КТ, УДЗ, зертханалық техника және т.б.) орнатылады. Жұмыс орындары кеңейіп, мамандарды тарту мүмкіндігі пайда болады.
Аталмыш ауруханаға 2024 жылы ғана әлеуметтік қолдау бағдарламасы бойынша 7 дәрігер келді: екі хирург, акушер-гинеколог, ЖПД, анестезиолог-реаниматолог және травматолог. Сондай-ақ 170 млн теңгеге жуық сомаға медициналық техника мен жабдық сатып алынды. Енді ауыл тұрғындары жоғары білікті (эндоскопия, лапароскопиялық операциялар, телемедицина және т.б.) көмек ала бастайды. Аурухана кез келген жастағы пациентке білікті медициналық көмек көрсететін Ұлытау облысындағы екінші негізгі медициналық мекеме болмақ.
А.Жолдасбек