Төтенше жағдайлар министрлігі шомылу маусымында су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізуді бастады. Ондағы мақсат – жазатайым оқиғалардың алдын алу, халықтың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және су жанында демалу кезінде ережелерді сақтауға назар аудару.
Жаз айы басталғалы бері ТЖМ ІІМ қызметкерлерімен бірлесіп 30 мыңнан астам патрульдеу және рейд жұмыстарын өткізді, нәтижесінде қауіпсіздік шараларын сақтамағаны үшін 902 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғаннан бері 480-ге жуық рейд жүргізілді, оның барысында демалушыларға суда жүріс-тұрыс ережелері түсіндірілді. Патрульдеу нәтижесінде 9 адам құтқарылып, 11 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Әсіресе, балаларға ерекше көңіл бөлінді. Шалқар көліндегі «Қауіпсіз жағажай» акциясы аясында ТЖ қызметкерлері викторина элементтерімен және рөлдік тапсырмалармен интерактивті іс-шара өткізді. Дұрыс жауаптар үшін қатысушыларға құтқару ысқырықтары берілді. Балалар мен ересектерге өздерін құтқарушы рөлінде сынап көруге, басқа демалушыларға қауіпсіздік ережелерін еске түсіруге және балаларды қараусыз қалдырмау неге маңызды екенін түсіндіруге шақырды. Демалушылар акцияға үлкен қызығушылықпен белсенді түрде қатысты.
Қостанай облысында да құтқарушылар Тобыл өзенінде профилактикалық рейд өткізді. Балалары бар отбасыларға ерекше назар аударылды. Рейд барысында олар қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі ережелерін еске түсірді және рұқсат етілмеген шомылуға арналған учаскелерді тексерді.
Жетісу облысында ТЖД жедел тобы Ақши ауылындағы Алакөл көлінде ауқымды іс-шаралар өткізді. Рейдтерге полиция мен көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері де қатысты. Дауыс зорайтқыш құралдарын, қайықтар мен дрондарды қолдана отырып, демалушыларға қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат жеткізілді. Рейд қорытындысы бойынша 35 әкімшілік хаттама жасалды.
Абай облысында Алакөл жағалауында кәсіби құтқарушылар да, қоғамдық нұсқаушылар да кезекшілік атқарады. Олардың барлығы қажетті жабдықтармен, атап айтқанда, құтқару шеңберлерімен, Александров ұшымен, жилеттермен және дауыс зорайтқыш құралдармен қамтамасыз етілген. Әрекет ету үшін жедел-құтқару жасағының қайықтары мен гидроциклдері жұмылдырылды.
ТЖМ су маңындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін қатаң еске салады. Ал профилактикалық рейдтер еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты түрде жалғасатын болады.
А.БИМЕНДІ