«Таза бейсенбі»: 2 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жіберілді

11 шілде, 2025 / Інжу Әлихан
«AMANAT» партиясы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде «AMANAT» партиясы жүйелі түрде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізіп келеді. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтарды туған жерін таза ұстауға ынталандыру мақсатында жүзеге асырылуда. Еліміздің түрлі аймақтарында өткен тазалық шаралары халықтың кең қолдауына ие болып, игі дәстүрге айналып келеді.

Ақмола облысы Бұланды ауданында акция аясында Тасты карьер орман алқабындағы су қоймасы маңында тазалық жұмыстары жүргізілді. Волонтерлер мен жастар ұйымдарының қатысуымен екі тоннадан астам тұрмыстық және пластикалық қалдықтар жиналып, полигонға жеткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тек табиғатты сауықтырумен шектелмей, жерлестер арасындағы ынтымақтастық пен жерге деген сүйіспеншілікті де нығайта түседі.

Атырау облысының Құлсары қаласында «AMANAT» партиясының Жылыой аудандық филиалы ұйымдастырған акция барысында Қамыскөл жағалауы мен қоғамдық аумақтар қоқыстан тазартылды.

«Қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзі осы бастамамен үндесіп жатыр. Бұл акцияны өмір салтына айналдыруымыз керек. Туған жерді аялау – өз қолымызда», – деді Бастауыш партия ұйымының төрағасы Айдана Тайранова.

Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзенінің бойында өткен тазалық жұмыстарына 50-ден астам ерікті мен партия мүшелері қатысты. Олар өзеннің жағасын, түбін қоқыстан тазартып, арамшөптерді шауып, ағаштарды санитарлық тұрғыда әктеп шықты. Жыл басынан бері Шымкентте 26 рет өткен «Таза бейсенбіге» 2 500-ге жуық адам қатысып, 24 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 200-ден астам ағаш көшеті отырғызылған.

Қарағанды облысының Абай ауданындағы Топар ауылы су қоймасының жағалауында 50-ден астам адам, оның ішінде партия мүшелері мен «Жастар рухы» еріктілері 10 текше метр қоқыс жинады. Бұл аймақ жаз мезгілінде демалушылар көп жиналатын танымал орындардың бірі болып саналады. Қатысушылар аумақты пластик қалдықтардан, шыны бөтелкелерден, орау материалдары мен басқа да қоқыстардан тазартты.

Сонымен қатар Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Ханқожа көлінің жағалауы да қоқыстан тазартылды. 30-дан астам адам қатысқан іс-шара барысында 15 қап қоқыс жиналды. Қатысушылар акцияның маңызын түсіндіріп, экологиялық мәдениетті насихаттау жұмысын да қатар жүргізді.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Шалқар көлінің жағасында өткен экоакция да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жазғы демалыс маусымында мұнда көп адам келетіндіктен, көл жағасын қоқыстан тазарту аса маңызды.

«Жазғы маусымда Шалқарға тек Солтүстік Қазақстаннан ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де көптеген демалушы келеді. Өкінішке қарай, барлық туристер табиғатқа ұқыптылықпен қарамайды. Сондықтан біз жағалау аймағына ерекше назар аударуды жөн көрдік. Бұл жер тек демалыс орны емес, сонымен қатар ерекше қорғалуға тиіс табиғи мұра», – деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әсет Қожахметов.

Түркістан облысы Келес ауданында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған аллеяда санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында ескерткіш маңы ретке келтіріліп, арам шөптен тазартылды.

«Бүгінгі «Таза бейсенбі» акциясына қатысу арқылы біз тек қоршаған ортаны тазалап қана қоймай, жастар арасында елжандылық рух пен еңбекке деген құрметті дәріптеп, патриоттық тәрбиенің жарқын үлгісін көрсетуді мақсат еттік. Туған өлкенің көркі мен тазалығы – әрбір азаматтың парызы», – партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Ахметов.

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында өткен акция барысында «Сарысу» өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды.

«Бүгінгі игі іске жастармен бірге қатысып, қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың борышы екенін тағы бір мәрте көрсеттік. Бұл — жай ғана тазалық жұмыстары емес, бұл - жас ұрпаққа үлгі, туған өлкеге деген құрмет. Жағалаудан 20 қап қоқыс шығардық. Демалушыларға да қоқыстарын шашпай, жинап кету бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік» ,- деді партияның аудандық филиалының төрағасы Амангелді Түсіпов.

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы алты айында бұл акция ел аумағында 26 рет ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлерінде өтті. 600-ден астам ластанған аумақ – саябақтар, скверлер, өзен-көл жағалаулары, Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткіштер, тарихи-мәдени маңызы бар нысандар тазартылды. 15 мыңға жуық адам атсалысып, 2000 тоннадан астам қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.

Тэгтер:

«AMANAT» партиясы Атырау облысы Таза Қазақстан Таза бейсенбі Құлсары қаласы