Макакалар да адамдар сияқты видеоконтенттің кей түріне қатты әуес: олар ұзақ уақыт бойы агрессия, яғни төбелес немесе жанжалды қызығып көреді. Әсіресе видеода өздеріне таныс топ мүшелері (таныс макакалар) болса, назар тіпті қатты ауады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу нәтижелері Animal Cognition журналында жарияланды. Зерттеуді Нидерландтағы Утрехт университетінің жануарлар мінез-құлқы профессоры Элизабет Стерк жүргізген. Ғалымдар Нидерландтағы зерттеу орталығында тұратын 28 макаканың әртүрлі видеоларға қалай қарайтынын бақылаған.
Эксперимент барысында әр макакаға ұзақтығы екі минут болатын бірнеше бейнеролик көрсетілген. Бұл роликтерде макакалар бір-бірімен төбелесіп, бір-бірін баптап (grooming), жүгіріп жүрген немесе тыныш отырған сәттері бейнеленген. Сонымен қатар, видеодағы макакалар зерттеу қатысушыларына не таныс, не бейтаныс болған.
Нәтиже анық:
– Ең көп назар аударылған бейнелер – таныс макакалардың арасындағы қақтығыстар.
– Ең аз қызығушылық тудырғаны – қимылсыз отырған жануарлар.
Зерттеудің тең авторы, Огайо мемлекеттік университетінің коммуникация профессоры Брэд Бушман былай дейді:
«Адам да, макака да – әлеуметтік тіршілік иесі. Қоғам ішінде өз орнын табу, кім дос, кім жау екенін түсіну екеуіне де маңызды дүние. Сол себепті олар өздері үшін әлеуметтік мәні бар видеоларға көбірек назар аударады».