Қарағандыда 25 жастағы жүргізуші қаза тапты

10 шілде, 2025 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Қарағанды қаласында 10 шілде күні сағат 10:30 шамасында жол-көлік оқиғасы болды. Апат Төлепов пен Жилстроевская көшелерінің қиылысында тіркелді, деп хабарлады turkystan.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Shacman маркалы жүк көлігінің жүргізушісі қосалқы жолмен келе жатып, басты жолда қозғалып келе жатқан Lada Granta автокөлігіне жол бермей, соқтығысқан.

Қатты соққының салдарынан Lada Granta көлігінің 25 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Көліктегі жолаушы әртүрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекс аясында іс қозғалды, тиісті сараптамалар тағайындалды.

Қарағанды облысының Полиция департаменті барлық жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Тэгтер:

Қарағанды жүргізуші