Қазақстанда алимент бойынша берешек 18 миллиард теңгеден асты

10 шілде, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Алимент өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізу — әлеуметтік маңызы зор сала және Әділет министрлігі бұл бағытта тұрақты бақылау жүргізіп отырады.

«Қазіргі уақытта атқару өндірісінде 319 мыңнан астам іс бар: борышкерлердің басым бөлігі — ер адамдар, ал 8 мыңнан астамы — әйелдер. 13 мың атқарушылық іс бойынша қарыз көлемі 18,5 миллиард теңгені құрайды», — деп мәлімдеді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның айтуынша, алименттердің басым бөлігі ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтериясы арқылы ұсталады.

Ресми өкілдің сөзінше, борышкерлерге қатысты банк шоттарына, мүлкіне тыйым салу және елден шығуға уақытша шектеу қою сынды шаралар қолданылады.

Мысал ретінде, Алматы қаласында 7 миллион теңгеден астам қарызды өтеу үшін борышкер өз еркімен жылжымайтын мүлкін сатып, міндеттемесін орындағаны айтылды. Ал Ақмола облысында 6 миллион теңгеден астам алимент қарызы пәтер түріндегі жылжымайтын мүлікті өндіріп алушыға беру арқылы өтелген.

Сонымен қатар, борышкерлерді жұмыспен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 3077 адам жұмыспен қамтылған.

Тэгтер:

алимент қарыз берешек