Ақтауда 11 елдің шебері қойдың жүнінен текемет басып шығарды

4 шілде, 2025 / Дана Ізтілеуова

 «Ақтау - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында ұйым­дастырылған «Даламен үндес баба өнер» атты халық­аралық қолөнер шеберлерінің фестивалі өз мәресіне жетті.

Екі күнге созылған фестиваль аясында 11 елдің қолөнер шеберлері мә­дени астана жылына арнап киіз басты. Сондай-ақ өңір тұрғындары әр ұлттың дәстүрлі қолөнерін тамашалап қана қоймай, туындылардың шығу тари­хы­мен танысты. Фестивальдің жабылу салтана­тында отандық және шетелдік дизайнер­лердің туынды­лары­нан сән көрсетілімі ұйымдастыр­ылды. Атап айтқанда, Түрік­менстан дизайнері Айна Дурдылыиева, қырғыз дизайнері Асылжан Қамбарова, Өзбекстан дизайнері Наргиза Муса­жанова, Моңғолиядан келген Сувд Банз­раг­чтың туындылары және жергілікті «Жада­ғай», «Масакова», «Нұршах», «Тәр­бия» сән үй­лерінің топтамалары көр­сетілді. Салта­натты жиынға ТҮРК­СОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев қатысып, мұн­дай игі іс-шара­лар тығыз ынтымақтас­тық­тың арқасын­да жүзеге асып жат­қа­нын айтты.
«Каспий теңізінің жағасында екі күн бойы ерекше мәдени кездесудің куәсі болдық. Дала рухын заманауи үл­гімен ұштастырған бұл сән топтама­лары тек киім немесе қолөнер бұйымы ғана емес, ортақ болмысымыздың, өт­кеніміз бен келешегіміздің симво­лы­на айналды. Біз олардың әрқайсы­сы­мен мақтанамыз. ТҮРКСОЙ ұйымы ретінде біз ортақ мәдени мұрамызды дәріптеуді әрі осындай жобаларға қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Әрине, мұндай игі іс-шаралар тығыз ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асуда. Баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін, алдағы жобаларда да бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра беруге ниеттіміз», – деді Сұлтан Раев.
Кеш барысында өнер иелеріне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев пен Маң­ғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев арнайы марапаттар табыстады. 
Сонымен қатар салтанатты іс-шараға арнайы шақырылған қонақ, дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева өнер көрсетіп, көрерменді әуезді әнмен тәнті етті.
 

Тэгтер:

Ақтау текемет