Павлодарлық қария қажылыққа жинаған ақшасын сырқат балаларға таратты

9 шілде, 2025 / Інжу Әлихан
скриншот

13 жыл бойы Павлодардағы қарттар үйінде тұрып жатқан 94 жастағы Сағадат Жұмабаев қажылыққа жинаған қаражатын, сырқат балаларға таратып берді, деп хабарлады turkystan.kz сайты Qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап.

Қарияның туыс-туғаны жоқ. Зейнетақысы 200 мың теңге. Соның 62 мыңы жеке есеп шотына түседі екен. Басқасын мемлекеттік мекеме алады.

«Меккеге барамын деп жинағанмын. Бірақ бара алмадым. Анамның қайтқанынп 32 жыл болды. Ол кісі ойымнан шықпайды, сағынамын. Сондықтан балалардың шешесіне, аналарына беріп отырмын. Аналарының еңбегі бар ғой. Олар балаларын күтіп, түнде ұйықтай алмайды, күндіз ешқайда шықпайды», - деді қария Сағадат Жұмабаев.

Ақсақал жеке жинағынан 3 млн 600 мың теңге үлестірді. Жүріп-тұруы қиын, сал болып туған 30 баланың анасына 120 мың теңгеден тиді.

«Бұндай нәрсе екінің бірінің қолынан келмейді. Қарияның жасы 93-те екен. Біздің балаларымызға зейнетін беріпті және сауаптан болса деймін», - деді қала тұрғыны Мәдина Имаханова.

Тэгтер:

Павлодар зейнеткер қаражат қажылық сырқат