Елордада бір тәулік ішінде төрт қайғылы оқиға тіркелді: көпқабатты үйлердің терезесінен әртүрлі биіктіктен балалар құлап кеткен. Екі бала көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төтенше қызметтердің мәліметінше, «бала құлады» деген шақыртулар 103 қызметінің пультіне бірнеше сағат аралығында түскен. Балалар 1, 10, 12 және 16-қабаттан құлап кеткен. Қайтыс болған балалардың бірі — үш жаста, екіншісі — алты жаста. Екеуі де дәрігерлер келгенше оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмған.
Қалған екі бала ауыр халде көпсалалы №2 қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр.
Медицина мекемесінің айтуынша, мұндай жағдайлардың бәрінде балалар маса торына сүйеніп, сыртқа құлап кеткен. Бұл торлар құлаудан қорғауға арналмаған. Жыл басынан бері елорда ауруханаларына биіктіктен құлаған 51 бала түскен. Олардың төртеуі ауруханада көз жұмса, бесеуі жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған, деп хабарлады Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
«Өкінішке қарай, ересектердің салғырттығы салдарынан балалар денсаулығынан және өмірінен айырылып жатыр. Біз әр жолы өзімізге сұрақ қоямыз: ата-аналар қалай бұған жол берді? Маса торлары құтқармайды. Бір сәтке ғана көз жазып қалсаңыз – қайғылы жағдай орын алуы мүмкін», – дейді травматолог дәрігерлер.