Алматы тауларында 2007 жылы туған жігітті іздестіру жұмыстары үшінші күн қатарынан жүргізілуде. Іздеу жұмыстарына авиация мен дрондар тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы қаласының ТЖД мәліметінше, 6 шілдеде полицияға бір ер адам хабарласып, 2 шілдеде інісінің тауға кетіп, жоғалып кеткенін мәлімдеген.
Құтқарушылар бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Операцияға 109 қызметінің 44 маманы, РОСО құтқарушылары, ТЖД, шекарашылар, полицейлер мен еріктілер жұмылдырылған. Іздеуге ТЖМ авиациясы, төрт кинологиялық есеп және үш ұшқышсыз аппарат тартылды.
«Іздеу жұмыстары үш бағытта жүргізілуде: космостанциядан БАП-қа дейін, жотаның оң және сол жақ беткейлері, Алма-Арасан мен Аюсайға түсетін беткейлер, сондай-ақ космостанциядан шекара заставасына дейінгі жолдар қаралуда», – деп хабарлады Алматы қаласының ТЖД.