Қос билік туралы қауесет елге іріткі салуды көздейтін теріс пиғылдан шыққан – Ермұрат Бапи

Бүгін, 11:57 / Дана Ізтілеуова
Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «Ескі де жаңа ел туралы қисынсыз мифтер» деген тақырыппен шыққан мақаласында елдегі қос билік туралы алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарып, мұның бәрі ел ішінде іріткі салуды көздейтін теріс пиғылдан шыққанын алға тартты.

«Ел ішінде «Назарбаев бәрін сахна сыртынан басқарып отыр», «елде қос билік бар» деген сөзді әлі де сағыздай созып, айтып жүргендер бар. Оның астарында факті де, заңдық негіз де жоқ. Тек елге іріткі салуды көздейтін теріс пиғыл ғана бар. Тіпті осы теріс пікірді ескі, сүрі жүйенің жақтастары таратып жүруі де ғажап емес.

2022 жылдың маусым айынан бері Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқару жүйесінен толықтай шеттетілген. Оның саяси қызметі де, лауазымы да, ресми мәртебесі де күшін жойған. Оның мемлекеттік деңгейде шешім шығаруға, саяси процеске араласуға мүмкіндігі де, құзыреті де, құқығы да жоқ.

Оның туыстары бір кездегі мемлекеттік органдарда, әкімдіктердегі лауазымды қызметтерінен босаған. Олардың бірде-бірі мемлекеттік құрылымдарға, билікке араласа алмайды. Кейбірі тіпті ел үстінен көрген дәулетінен айырылып, мүлкі тәркіленіп, өздері істі болып жатыр. Бас амандығын ойлап, шетел асып кеткені қаншама. «Мың асқанға – бір тосқан» деген сол.

Тоқетерін айтқанда, мемлекеттік аппарат тұтастай, оның ішінде елдің қарулы күштері түгел – қазіргі мемлекет басшысының, Үкіметтің және басқа да тиісті ресми мемлекеттік органдардың қолында.

Көп адам тереңіне бойлай бермейтін саясаттың мәні экс-президенттің ел тарихындағы рөлін объективті түрде ескеруге, яғни мемлекетіміздің Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында жүріп өткен жолына құрметпен қарауға негізделген», – дейді депутат.

Оның мәлімдеуінше, бұл – ең әуелі мемлекеттілікке деген құрмет. Әрі тәуелсіз елдің егемендігін нығайтып, тұрақты даму үшін саяси дәстүр қалыптастыруға жасалған қадам.

«Ең бастысы – Тоқаев заңның ешкімді алаламайтынын көрсетіп отыр: заң алдында бәріміз бірдейміз, яғни ешкім бұрынғы еңбегін бұлдап немесе бұрынғыдай туыстық байланысына иек артып, құқықтық жауапкершіліктен құтыла алмайды. Бұл – сөзіміздің басында айтып өткен Әділетті Қазақстанның басты қағидасы.

Назарбаевтың басқа елдерге жасаған жеке сапарын әсірелеп, «жасырын саясат жүріп жатыр» деп сыбыс таратып жүргендер бар. Жақында оның Ресейге барып, тағы да Путинмен кездескені туралы ақпарат тарады. Экс-президент, яғни қазіргі зейнеткердің сапарынан соң көлеңкесінен қорқатындар тағы өре түрегелді», –дейді Е.Бапи.

Дептутат бұрынғы көшбасшылардың басқа елдерге сапарлап, олардың іс басындағы басшылармен кездесуі халықаралық тәжірибеде қалыпты жайт екенін айтып өтті.

«Германияның бұрынғы канцлерлері (Г.Шредер, А.Меркель), АҚШ-тың бұрынғы президенттері (Б.Обама, кіші Дж.Буш.), Францияның (Н.Саркози, Ф.Олланд), Ұлыбританияның (Т.Блэр) бұрынғы басшылары әріптес мемлекеттердің қазіргі президенттерімен сөйлесіп, пікірлесіп жүреді, түрлі форумдарға шақырылған спикер ретінде қатысып, сөз сөйлейді. Бұдан олардың өз елдерінің қазіргі саясатына «ықпал-беделін» іздеп, аттандап жүрген ешкім жоқ. Бар болғаны – қызметтен кеткен саясаткерлердің жеке және қоғамдық өмірінің бір көрінісі ғана.

Ал біздің қоғам мұндай оқиғадан әлдеқандай саяси астар іздеп, түрлі долбар жасап, біреу жақтап, біреу даттап, қып-қызыл дау-дамай тудырып, әп-сәтте әбігерге түсе қалады. Неге? Шамасы, бір кезде «орталыққа бағынған» ішкі комплекстен әлі толық арылмағанымыздың көрінісі.

Өз билігі өзінде, кемеліне келген озық елдер сияқты жекелеген азаматтардың тарихи ролі мен оның мемлекеттік істерге шын мәнісіндегі ықпал-беделін ажыратып үйренуіміз керек-ақ. Мұнсыз өз ойымыздағы қорқыныштармен алысып қана қоймай, оларды мемлекеттік жүйеге таңып, жаңыла береміз», – дейді депутат.

Тэгтер:

Ермұрат Бапи қос билік Қос билік туралы қауесет