Қонаев қаласында жас әйел суға батып кетті (ВИДЕО)

Бүгін, 11:46 / Інжу Әлихан
скриншот

Қонаев қаласында орналасқан «Мадагаскар» демалыс аймағында жас келіншек суға батып кетті, деп хабарлады Turkystan.kz порталы Kris_p_almaty_kz парақшасына сілтеме жасап.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.

«Қайғылы оқиғаның мән-жайын толық анықтау мақсатында алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде. Құтқару құралдарының және кезекші құтқарушылардың бар-жоғы, сондай-ақ демалыс аймағының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілуде. Қайтыс болған қыздың туған-туыстарына көңіл айтамыз», – деп хабарлады ведомство.

Полиция тұрғындарды су айдындарында демалу кезінде барынша абай болуға және тек ресми түрде жабдықталып, күзетілетін жағажайларды таңдауға шақырды.

Қонаев қаласының әкімдігі де суға батып кеткен бойжеткеннің жақындарына көңіл айтты.

«7 шілдеде болған қайғылы оқиғаға байланысты Қонаев қаласының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігі бойынша (“Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызмет көрсету”) қылмыстық іс қозғады. Алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр. Әкімдік демалыс аймақтары мен жағажайлардың қызметін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтар тиісті органдарға жолданады. Бұған дейін прокуратура, ТЖД және әкімдік өкілдері жағажайларда жұмыс істейтін кәсіпкерлермен бірнеше рет кездесу өткізіп, заң талаптарын түсіндірген болатын», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Қайғылы оқиға болған демалыс орнының қызметі уақытша тоқтатылды.

 

 

Тэгтер:

Әйел Су қаза Қонаев қаласы демалыс аймағы