Рудныйда тағы бір бала терезеден құлап кетті. Бұл — соңғы бір айдағы төртінші қайғылы жағдай, деп жазады turkystan.kz.
2023 жылы туған ұл бала екінші қабаттағы терезеден құлап кеткен. Оқиға туралы Рудный қалалық ауруханасының Instagram парақшасында хабарланды. Пациент шұғыл түрде шокқа қарсы палатаға жеткізілді, тексерулер жүргізілді, соның ішінде бас миының және кеуде бөлігінің КТ-сі жасалды. Бала реанимация бөліміне жатқызылды.
Биіктіктен құлау нәтижесінде балада жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, сол жақ бұғана сүйегінің ығысусыз жабық сынуы, сондай-ақ көгерулер мен сырылған жаралар анықталды.
«Бүгінгі күні баланың жағдайы орташа ауырлыққа жақын, бала есін біледі, байланысқа түседі. Қабылдау кезінде науқасқа алғашқы қажетті медициналық көмек көрсетіліп, тексеруден өтті, диагноз қойылды. Облыстық балалар ауруханасының мамандарымен кеңес өткізілді. Келісім бойынша, бүгін баланы санитарлық авиация желісі бойынша облыстық балалар ауруханасына одан әрі емделуге тасымалдау жоспарлануда», – деді Рудный қалалық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Евгений Генрих.
Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға 6 шілде күні кешкі уақытта Парковая көшесінде болған.
«Екінші қабаттағы пәтердің терезесінен 2023 жылы туған ұл бала құлап кеткен. Оқиға болған сәтте бала үлкендердің қарауынсыз қалған. Ол орташа ауыр жағдайда жарақаттармен ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.