Форт-Шевченко қаласында, Каспий теңізінің жағасынан өлі балық табылды. Өлген балықтардың видеосы 7 шілде күні әлеуметтік желіде тараған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өңір экологтары Маңғыстау облысының Балық шаруашылығы басқармасының мамандарымен бірге судан сынама алды. Зерттеу қорытындысы қосымша хабарланады.
«Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары әлеуметтік желіде тараған Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласының теңіз жағалауында балық өлекселерінің табылған бейне жазба негізінде аталған орыннан ағымдағы жылдың 7-шілде күні Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, теңіз суынан сынама алу жұмыстарын жүргізді. Сынама қорытындысы алдағы уақытта қосымша хабарланатын болады», - делінген хабарламада.