3-6 шілде аралығында Беларусь Республикасының Ратомка қаласында «Кубок Содружества» конкур бойынша халықаралық жеке-командалық турнир өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Жарысқа Беларусь, Ресей, Өзбекстан елдерінен, сондай-ақ Қазақстан құрамасынан спортшылар қатысты.
Турнирдің финалдық күнінде биіктігі 145 см болатын кедергілерді еңсеру бойынша командалық жарыстар өтті. Бұл кезеңде спортшылар Үлкен шеңбердің жүлделері үшін бақ сынады.
Қазақстандық шабандоз Раиса Соколенко Уран есімді тұлпарымен бірінші гитті айып ұпайынсыз аяқтап, сенімді нәтиже көрсетті.
Ал екінші гитте Қазақстан мен Өзбекстан шабандоздары бірлесіп, «Содружество» командасының құрамында өнер көрсетіп, Өзбекстан құрамасының өкілі Бекзод Курбановпен бірге жоғары шеберлік танытып, командалық есепте жеңіске жетті.
Мұндай халықаралық турнирлерге қатысу қазақстандық шабандоздардың кәсіби шеберлігін арттыруына, халықаралық спорттық байланыстарды нығайтуға және Қазақстандағы ат спортының танымалдылығын арттыруға зор ықпал етеді.
Отандас спортшылар олимпиадалық ат спорты түрлерінен ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық және халықаралық ареналарда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді.