Қызылорда облысының шаруалары Ресейге қарбыз экспорттап жатыр

Бүгін, 00:03 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қызылорда облысында биыл 1500 тоннаға жуық қарбыз сатылып, оның 700 тоннасы көрші Ресейге экспортталды деп хабарлайды облыстық әкімдік.

Биыл облыс бойынша 5 100 отбасыға бақша егу үшін 3 300 гектар жер берілді. Оның 866 гектарына картоп, 885 гектарға көкөніс, 1 550 гектарға бақша дақылдары егілді.

Өткен жылы 3 179 гектар жер дайындалып, картоп 917 гектарға, көкөніс 817 гектарға, бақша 1 446 гектарға егілген болатын.

Қазір нарықта Жаңақорған қарбызы сұранысқа ие. Биыл Жаңақорған ауданының Ақуй және Жайылма ауылдық округтерінде 1500 гектарға қарбыз егілді. Бүгінде жергілікті диқандар ерте пісетін қарбыз өсірудің барлық әдіс-тәсілін толық меңгерген.

Көшетті алдымен ауладағы жылыжайда өсіріп, кейіннен ашық алқапқа көшіру әдісін қолдануда. Биыл қарбыз ерте пісіп, нарыққа шығарылды. Қазіргі таңда 1500 тоннаға жуық қарбыз сатылып, оның 700 тоннасы көрші Ресейге экспортталды. Қалғаны Қазақстанның солтүстік өңірлеріне жөнелтілді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев отырыста жауапты шенеуніктерге бақша өнімдерін егуге жер бөлуді жыл сайын ұлғайту, суару жүйелерін жетілдіру және өнімді өткізу тізбегін ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берді.

"Тұрғындардың сұранысын ескеріп, қосымша жер телімдерін анықтау керек. Ауылдық округтерде бос жатқан жерлерді келесі егін маусымында тиімді пайдалану үшін түгендеу жұмыстарын жүргізіңіздер. Егістік жерлерге су жеткізу үшін каналдар мен арықтарды тазалау, жөндеу және қажет болған жағдайда жаңадан қазу қажет", - деді ол.