Петропавлда мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 280 орындық балабақша салынып жатыр. Құны 1,9 млрд теңге болатын жоба жыл соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс. Қазір құрылыс жұмыстарының тек 40 пайызы орындалған. Осыған орай өңірге арнайы келген Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері құрылыс қарқынын арттыруды талап етті. Себебі – солтүстік өңірде жаз қысқа, ал әр күн – есептеулі.
Нысан заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару аясында бөлінген қаражат есебінен салынып жатыр. Жалпы қаржыландыру көлемі – 1,9 млрд теңге. Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мамбетов пен Дмитрий Колода бұл сапар барысында қаражаттың тиімді жұмсалуын, нысанның қазіргі жағдайын және құрылыс кестесінің сақталуын бақылауды мақсат етті. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының тек 40%-ы ғана орындалған. Балабақшаны осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Мемлекетке қайтарылған қаражат қоғам игілігіне жұмыс істеуі керек. Бұл – «AMANAT» партиясының принципті ұстанымы. Біз тек құжат жүзіндегі бақылаумен шектелмейміз, әр теңге мақсатты жұмсалып жатқанына көз жеткізу үшін құрылыс алаңдарына өзіміз барамыз. Петропавлда жаз қысқа екенін ескеру қажет. Егер алдағы екі айда жұмысты жылдамдатпасақ, мердігерлер маусымдық шектеулерге тап болуы мүмкін. Сондықтан күзге дейін негізгі құрылыс циклдарын аяқтау маңызды», – деді Дмитрий Колода.
Ол бұған дейін өңірде осындай нысандардың құрылысы кезінде кешігу болып, ауа райының салқындауына байланысты мердігерлер маңызды кезеңдерді аяқтай алмай қалғанын еске салды. Депутаттың айтуынша, биыл мұндай жағдайға жол беруге болмайды.
280 орындық балабақшаны «Основание» ЖШС салып жатыр. Жобаның техникалық қадағалауын «Стадия» ЖШС жүргізсе, авторлық қадағалауды «Севгражданпроект» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба 2023 жылдың тамызында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған, ал құрылыс 2025 жылдың ақпанында басталған.
«Әлеуметтік нысандарды салу кезінде тек мерзім мен сапаға ғана емес, сонымен қатар смета құрамына да назар аудару қажет. Бұл өте маңызды: салынған әр теңге ұлттық экономикаға пайда әкелуге тиіс. Отандық құрылыс материалдарын, жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін пайдалану – бұл тек бизнесті қолдау ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін арттыру және өңірлерді дамыту. Мұндай тәсіл «мемлекет – бизнес – қоғам» тұрақты тізбегін қалыптастырады, мұнда барлығы ұтады», – деді депутат Еркебұлан Мамбетов.
Депутаттардың айтуынша, қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінуде. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымға қатысты 33 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер, спорт және медицина нысандары бар. Сонымен қатар биылғы жазда облыстағы 35 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу үшін 4,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Өткен жылы өңірде екі жаңа балабақша пайдалануға берілді.
Парламентарийлер «AMANAT» партиясы үшін білім беру саласының дамуы басым бағыттардың бірі болып саналатынын және партия тек қаржыландыруды емес, барлық әлеуметтік жобалардың нақты орындалуын да бақылауда ұстайтынын атап өтті.