Екібастұзда көз жанарын жоғалтқан жұмысшы 5 млн теңге өтемақы алатын болды

4 шілде, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Павлодар облысында резонансты сот ісі аяқталды: Екібастұз тұрғыны жұмыс барысында көзінен айырылып, моральдық зиян үшін 5 миллион теңге көлемінде өтемақы алатын болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқыс оқиға 2012 жылдың көктемінде «Богатырь Көмір» ЖШС кәсіпорнында болған. Ер адам ол кезде жол монтері болып жұмыс істеген. Рельсті кесу кезінде темір сынығы оның көзіне тиіп, салдарынан ол көру қабілетінен айырылған. Тергеу барысында жұмыс берушінің толық кінәсі анықталды.

Жәбірленушіге мерзімсіз ІІІ топтағы мүгедектік беріліп, еңбек қабілетінің жартысынан астамын жоғалтқаны тіркелген. Алайда татуластыру комиссиясы моральдық зиянды өтеуден бас тартқаннан кейін, ер адам сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Бірінші инстанция соты талапкердің пайдасына шешім шығарып, компанияны 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді. ЖШС шешімді қайта қаратуға тырысқанымен, Павлодар облыстық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды және өтемақы сомасын әділ деп таныды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Екібастұз жұмысшы өтемақы көз жанары