Квазисектор кімге пайдалы?

4 шілде, 2025 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: sk.kz

Квазимемлекеттік секторды рефор­малау мәселесі өзекті тақырыптардың тізімінен түскен емес. «Мемлекет ішіндегі мемлекет» аталып кеткен құрылымның ком­паниялары бізге қаншалықты керек деген сұрақ та жиі қойылады. Президент те квазимемлекеттік компанияларды корпоративтік басқару ісін жақсарту мәсе­лесін шешу маңызды міндет екеніне бір­неше рет тоқталған болатын. Тіпті, рефор­малау мүмкін емес болса, құрылымдағы кейбір компаниялардың экономикамызда мүлде болмағаны жөн деп кесіп айтқан еді.

Мәселен, 2020 жылғы Жолдауында Мем­лекет басшысы тұтас квазимемлекеттік сектор­ды реформалау ісін жалғастыру қажет екенін айтты.

– Елімізде ондаған ұлттық компания және он мыңдаған мемлекеттік кәсіпорын бар. Бұл ретте ірі квазимемлекеттік меке­мелер акционерлік қоғам ретінде жұмыс жүргізеді, яғни олардың мақсаты – пайда табу. Егер мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі оларға берілсе, мұндай компания­лардың жұмысы азаматтарға және эконо­микаға нақты қызмет көрсетуге арналып, қосымша сипатқа ие болуы тиіс. Көптеген акционерлік қоғамда қалыпты түсініктер ауысып кеткен. Корпоративтік басқару қосымша бюрократиялық рәсімге айналып отыр. Тұтас квазимемлекеттік секторды реформалау ісін жалғастыру қажет, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал 2022 жылғы қаңтардағы Мәжілістің жалпы отырысында Президент «Самұрық-Қазына» қоры қаншалықты тиімді деген мәселені көтерді. Президенттің айтуынша, бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды.

– Осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың инфрақұрылымдық ком­пания­лары экономикамыздың барлық дерлік секторын айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма? Яғни, ұлттық байлықты еселей алды ма? деген орынды сұрақ туындайды. Қом­ақ­ты жалақы алатын қызмет­кер­лері, ди­ректорлар кеңесі немен айналыса­ды? – деді Мемлекет басшысы.

Президент қызметі өте қымбат конс­талтинг компанияларын және шетелдік мамандар­ды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма деп сұрақ қойды. 

– Сондықтан Үкіметке стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігімен бір­лесіп, квазимемлекеттік секторды түбе­гейлі реформалау үшін ұсыныстар әзір­леуді тапсырамын. Егер қорды рефор­ма­лау мүлде мүмкін болмаса, ондай құры­лым­ның эко­номикамызда болмағаны жөн, – деді Қ.Тоқаев.

Дегенмен жақында, нақтырақ айтқан­да, 12 маусымда «Самұрық-Қазына» өткіз­ген брифингте қор басшысы Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызын құрайды» деген мәліметке қатысты өз уәжін айтты. Қор төрағасының мәліметіне қарасақ, Қазақстанның 2024 жылғы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемі –134 трлн теңге. 

– Сол кезеңдегі «Самұрық-Қазына» АҚ табысы 16,5 трлн теңге болды, бұл ЖІӨ-нің тек 12 пайызы ғана. Алайда аталған көр­сет­кіш ЖІӨ-дегі нақты үлесті емес, табыс көлемінің салыстырмалы шамасы, – деп толықтырды қор басшысы.

Маусымның басында Премьер-мин­истр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» компаниясының қазақ­стандық өндірушілерден тауар сатып алу көрсеткішін сынаған болатын. Ал «Самұрық-Қазына» қорының бас­қарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтылып жатқан сын мен ұсыныстардан хабардар екенін айт­қан еді. Ол «аудиторлық тексеріс аяқтал­ғаннан кейін қажетті ақпарат жар­ия­ланады» деген болатын. Қазір жоғарғы ауди­торлық палата «Самұрық-Қазынаға» ауди­торлық тексеріс жасап жатыр. Оны ауди­торлық палата мүшесі Нұрлан Нұр­жанов та растады. Қор басшы­сының сөзін­ше, тексеріс шілдеде аяқталады.

Қозғаушы күш емес, кедергі

Президент, Үкіметпен қатар Парла­ментте де қордың мәселесі талай рет «май­шам­мен қаралған». Өткен аптада Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Әділ Жұбанов Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, «Самұрық-Қазы­на» Ұлттық әл-ауқат қорының қазіргі жұмысындағы олқылықтарды жіпке тізіп, түбе­гейлі институционалдық реформа қажет деп мәселе көтерді.
Депутаттың айтуынша, 2008 жылы құрылған «Самұрық-Қазына» қоры Temasek Holdings (Сингапур) үлгісіндегі эко­но­микалық өсу драйвері ретінде ұсыныл­ғанымен, арада он жылдан астам уақыт өтсе де, Қор өзінің бастапқы мақсатына сай қызмет атқарып отырған жоқ.

– Қоғамда бұл қорға деген сенімсіздік күшейіп келеді. Тиімділік, ашықтық және есеп беру мәселелері шешілмеген күйде қалды. Бұған қоса, Қордың еншілес ком­паниялары нарықтық экономикаға артық араласу арқылы бәсекелестікке нұқсан кел­тіріп отыр, – деді Әділ Жұбанов.

Оның дерегінше, 2023 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының мемле­кет­тік сатып алуларының 60 пайыздан астамы бір көзден жасалған. Ал «Бәйтерек» холдин­гінде бұл көрсеткіш шамамен 50 пайыз бол­ған. Депутат мұны ашық нарық қағидат­тарына қайшы келетін, жемқорлық қаупін арттыратын және монопо­лия тудыратын тәжірибе деп бағалады.

– Біз Temasek моделін бейімдеуге тырыс­тық, бірақ ол нәтиже бермеді. Өйт­кені Қа­зақ­­стандағы институционалдық бақылау те­тіктері әлсіз, ал сыбайлас жем­қорлық дең­гейі жоғары. Transparency International ұйымының 2023 жылғы индексі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 93-орында тұр, – деді ол.

Сондай-ақ депутат активтердің шама­дан тыс шоғырлануы (ЖІӨ-нің 50 пайызы­на дейін), сыртқы аудиттің болмауы және негізгі компаниялардың қаржылық көрсет­кіштерінің нашарлауы басқару жүйесінің тоқырағанының белгісі екенін айтты. Мысал ретінде «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «KEGOC» сияқты ірі ұлттық компа-
н­ия­­лардың кірісі азайғаны мен қарыз жүкте­месі өскенін атап өтті.
Осыған байланысты депутат нақты ұсын­ыстарын да айтты. Біріншіден, Қор мен оның ен­шілес компанияларына кешенді, тәуелсіз сыртқы аудит жүргізу қажет. Аудит инвестиция­лық саясатты, корпоративтік басқаруды, сатып алу процестерін және мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиім­ділігін қамтуға тиіс. Нәтижесі бойынша нақ­ты ұсыныстар әзірленуі керек.
Екіншіден, бейінді активтерді (логисти­ка, құрылыс, телекоммуникация, жер қой­науын пайдалану, өңдеу өнеркәсібі және т.б.) біртіндеп бәсекелі ортаға беру қажет. Страте­гиялық маңызы бар активтер (көлік және энергетика инфрақұрылымы, қор­ғаныс, ядролық және су қауіпсіздігі) мем­лекеттің бақылауында қалуы керек.
Үшіншіден, Қорды трансформа­ция­лаудың нақты жол картасын әзірлеу және бекіту. Онда мыналар қарастырылға тиіс: бейінді емес активтерден арылу; бір көзден сатып алуды азайтып, ашық электр­онды тендерлер жүйесін енгізу; директорлар кеңесіне халықаралық деңгейдегі тәуелсіз мамандарды тарту.
Төртіншіден, «Самұрық-Қазынаның» қазіргі форматта сақталу тиімділігін қайта қа­рау. Егер ұсынылған реформалар іске аспайтын болса, Қор активтерін салалық ми-
н­ис­тр­­ліктерге тапсырып, оны орталық­тандырыл­ған холдинг ретінде кезең-кезеңімен тарату қажет.

– Мемлекет экономикадағы өзінің үлесін қысқартуға, Қордың жеке сектордың функцияларын қайталауын тоқтатуға тиіс. Тек осындай жағдайда ғана біз инвести­ция­лық тартымдылықты арттырып, халық­тың ұлттық компанияларға деген сенімін қал­­­пына келтіре аламыз, – деді ӘділЖұбанов.

«ЭЫДҰ қағидаттары – басты бағыт болуға тиіс»

Квазимемлекеттік секторды басқару моделін реформалағанда әлемнің дамыған елдері ұстанатын корпоративтік басқару стандарттарын басшылыққа алу керек. Атап айтқанда, Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымының қағидаттары инсти­туционалдық реформалардың басты бағыты болуға тиіс. Осындай пікірді Halyk Finance сарапшылары айтқан болатын.
2023 жылдың аяғында Үкімет Қазақ­станның болашақта ЭЫДҰ-ның мемлекет­тік кәсіпорындарды басқару жөніндегі жетекші қағидаттарын қолдануға әзір екенін мәлім­деді. Бұл – елдегі корпоративтік басқаруды халық­аралық деңгейге жақын­датуға бағытталған алғашқы саяси мәлім­демелердің бірі. 
Алайда Halyk Finance сарапшылары зерт­теу жұмысында айтып өткендей, бұл ниеттің жүзеге асуы тек мәлімдемемен шек­телмеуі керек, оны жүйелі әрі нақты инс­титуционал­дық өзгерістер арқылы бекі­ту қажет. Сарап­шылардың тұжырымын­ша, қазір Қазақстан­дағы мемлекеттік кәсіпорындарды басқару жүйесі ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибесінен айтарлықтай алшақ. Ең басты құрылымдық проблема – квазимемлекеттік секторды басқаруға арналған бірыңғай мемлекеттік сая­саттың жоқтығы. Мемлекеттік активтер­дің қай­сысының стратегиялық маңызы бар, қай­сы­сын жеке секторға беру тиімді болады, міне осы секілді мәселелердің нақты эконо­микалық негіздемесі жасалмаған. Нақты­лықтың болмауы мемлекет мен­шігінің тиімділігіне күмән туғызып қана қоймай, жеке сектордың даму мүмкіндігін шектейді.

– Мәселенің өзектілігі Дүниежүзілік банктің 2023 жылы қарашада жариялаған «Бәйтерек» холдингіне қатысты есебінде де нақты айтылды. Банктің бағалауынша, хол­дингтің корпоративтік басқару тәжіри­бесі не ЭЫДҰ стандарттарына, не жаһандық үздік практикаларға сәйкес келмейді. Атап айт­қан­да, директорлар кеңесінің саяси­лануы, Пре­мьер-Министрдің төрағалық етуі, кеңес мү­ше­лерінің тек үштен бірінің ғана саяси тәу­елсіздігі – басқарудың бей­та­рап­тығы мен стра­тегиялық тұрақты­лығын қамтамасыз ете алмайды. Банктің ұсынысы бойынша, кеңес құрамын толық­тай саяси тәуелсіз директор­лар­дан жасақ­тау, еншілес ұйымдарға холдинг тарапынан араласуды шектеу және Парламент пен Жоғары аудит палатасы арқылы тұрақты есептілік тетігін енгізу – басқару сапасын арттырудың басты алғышарты, – дейді Halyk Finance сарапшылары.

Осыған ұқсас проблемалар «Самұрық-Қазына» сияқты басқа да ұлттық компания­ларда бар. Бұл ретте Halyk Finance сарапшы­лары Дүниежүзілік банк ұсынып отырған реформалар тек «Бәйтерекке» ғана емес, тұтас квазимемлекеттік секторға қолдан­ылу­ға тиіс деп есептейді. Олардың пікірін­ше, директорлар кеңесіндегі саяси шенеу­ніктердің санын қысқарту, мемлекеттік қатысудың негіздемесін ашық көрсету, бәсекелес нарықтарға мемлекеттің басы артық араласуын шектеу мемлекеттік саясаттың өзегіне айналуы керек.
Сондай-ақ, зерттеушілердің тұжырым­ынша, экономикада мемлекеттің шамадан тыс араласуы бәсекелестікті шектеп, жеке сектордың толыққанды дамуына кедергі келтіреді. Осы орайда антимонополиялық органның рөлін күшейтіп, мемлекеттік кә­сіп­орындардың жеке сектормен негізсіз бәсе­кеге түсуінің жолын кесу – экономи­ка­лық жүйенің әділдігін қалпына келтіру үшін маңызды қадам болмақ.

– Жалпы алғанда, корпоративтік бас­қару жүйесін реформалау – саяси ерік-жігерді ғана емес, сондай-ақ техникалық тұрғыда дәл есептелген құрылымдық өз­герістерді талап ететін күрделі процесс. Бұл тұрғыда ОЭСР стандарттары Қазақстан үшін тек бағыт қана емес, сонымен бірге нақты бағалау өлшемдері мен тәуелсіз мони­торинг те­тіктерін ұсынатын дайын ин­ституцио­нал­дық құрал ретінде қарас­тырылуы тиіс, – деп жазылған зерттеуде.

Қорытындылай келе, квазимемлекеттік секторды басқару саласындағы қазіргі жағ­дай мемлекеттің экономикалық саясаттағы рөлін қайта пайымдауды және оның тиімділігін жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. ЭЫДҰ қағидаттарына негізделген бас­қару жүйесі елдің инвестициялық тар­тым­дылығын арттырып, басқару шешім­дерінің сапасын жақсартады және мем­ле­кеттік активтердің ұзақ мерзімді тиім­ділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Halyk Finance сарапшыларының қоры­тындысы бойынша, қазіргі жағдайда кор­поративтік басқару реформаларын кейінге қалдыру Қазақстанның институционалдық дамуына, инвестициялық ахуалына және жеке сектордың бәсекеге қабілеттілігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Сондықтан, аналитиктердің пайымда-
у­ынша, корпоративтік басқарудағы рефор­ма­лардың негізгі бағыты мыналар болуға тиіс: саяси тұлғалардың директорлар кең­есінен шығарылуы; мемлекеттің араласуын нақтылау; бәсекелес нарықтарға квази­мемлекеттік сектордың қатысуын азайту, сондай-ақ тәуелсіз қадағалау мен есеп беру тетіктерінің енгізілуі.

Сапарбай Жобаев,
экономист, экономика ғылымдарының кандидаты:

Бюджетке салмақ салып отыр

– 2005-2010 жылдары мемлекет меншігінің ел экономика­сын­дағы үлесі 50 пайыз шамасында болды. Осы мемлекеттік кәсіп­орындарды басқару үшін «Самұрық» атты құрылым құрылды. Бұл агенттік сияқ­ты ұйым еді. Кейін бюджеттен қаржы­ландыру мақ­сатында «Қазына» қоры құры­лып, ол мемлекеттік кәсіпорындардың жар­ғылық капиталына ақша бөлу және оларды дамыту ісімен айналысты.

Уақыт өте келе, олигархтардың ық­палы­мен осы екі құрылым, «Самұрық» пен «Қазына» біріктіріліп, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры құрылды. Эконо­микалық реформалар жүріп жатқан кезде мұндай қор қажет те болған шығар. Бірақ мемле­кеттік меншіктің 50 пайыздан асып кетуі бұл жүйені жемқорлыққа белшесінен ба­тырып жіберді. Қазір мемлекеттік мен­шіктің үлесі 60 пайызға дейін жетті.

Бастапқыда бұл уақытша қадам деп түсіндірілді. Алайда, билік мемлекеттік мен­шікті көбейте берді. Себебі мемлекеттік активтер арқылы пайда табуға мүмкіндік болды. «Қазына», кейін «Бәйтерек», «Даму» сияқты қорлар мемлекеттік кәсіпорын­дарды бюджеттен қар­жыландырып отыр­ды. Ал жеке сектор банктерге тәуелді болып қалды. Базалық ставка жоғары болған­дықтан, жеке бизнес дамымай қалды. 

Осылайша, елімізде шағын және орта бизнес оңалған жоқ. Қанша қаржы бөлін­генімен, ауыл шаруашылығын дамыту қорларының әрекеті жеткіліксіз болды. Себебі ірі мемлекеттік кәсіпорындар бар­лық нарықты жаулап алды. Қазір шағын және орта бизнестің үлесі 30-35 пайыз ғана. Кейбір статистикада 38 пайыз деп көрсетіледі, бірақ бұл нақты көрсеткіш емес. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайыз. Мемлекеттік меншіктің көлемі, жемқорлық жай­лап кетуі, орта және шағын бизнестің тежелуі – осының бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. 

2011 жылы, мемлекеттік кәсіпорындар көбейіп кеткеннен кейін, оларды азайту туралы шешім қабылданды. Инвестициялық комиссия құрылып, шетелдің тәжірибесі мол мамандары да қатысқан еді. Сол кезде «мемлекеттік кәсіпорындарды IPO-ға шығарып, жекешелендіру керек» деген шешім қабылданды. Бірақ бұл бастама іске аспады. Себебі жемқорлық басым болды. Жолдау­ларда жыл сайын жекешелендіру туралы айтылып келеді, бірақ іс жүзінде ештеңе іске аспай жатыр. Қайта мемлекет менші­гінің үлесі артып барады. Өйткені жеке компаниялардың барлығы – саяси ықпалы барлардың қолында. Сондықтан бұл жүйені өзгерту қиын. Мәселен, Индустрия министрлігінің айналасында 200-ден астам мемлекеттік ЖШС бар. Бір істі шешу үшін солардың ішінен өтіп, шаршап шығасың. Бұл инвестиция климатына да зиянын тигізіп отыр. Себебі нақты кім шешім қабылдайтынын ешкім білмейді. 
Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры Қазақ­стандағы квазимемле­кеттік секторға теріс баға беріп отыр. Мысалы, көрші Өзбекстан мен Ресейде мұн­дай әл-ауқат қорлары жоқ. Квазимем­лекеттік кәсіпорындар бар, бірақ оларды Қаржы министрлігіне бағынышты шағын агенттіктер басқарады. Коммунистік Қы­тай­дың өзінде мемлекеттік меншіктің үлесі бар болғаны 22-25 пайыз ғана. 

Дүниежүзілік банк бірнеше рет талап қойып, Үкімет жыл сайын бағдарлама қабылдап келеді. Мысалы, биыл 250 кәсіп­орынды жекешелендіреміз деген жоспар бар, бірақ жарты жыл өтті – біреуі де сатылған жоқ. Бюджет шығыны – 25 триллион теңге, бірақ кіріс – 17 трил­лион. Көп елдерде жекешелендіруден трил­лиондап табыс түсіп жатады. Ал бізде совет дәуірінен бері тек 200 миллиард теңге ғана пайда түскен. Жекешелендіру арқылы табыс табуға болар еді, бірақ нақты жоспар жоқ.

Квазимемлекеттік компаниялар жеңіл­діктер алып, салық төлемеуге тырысады. Сөйтіп, салық төлеудің орнына бюджетке салмақ салады. Олигархтар миллиардтаған пайда тапса да, салық төлемейді. Ал халық қымбатшылықтан қиналып отыр. 2024 жылы бюджетке түсуге тиіс болған 17 триллионның орнына тек 13,5 триллион теңге ғана түсті. Содан кейін Үкімет қосым­ша құн салығын көтеріп, халықтың қалтасына қол салып отыр. Мысалы, «ТеңізШевройл» жыл сайын 2,5-3 триллион теңге салық төлейді. Ал «ҚазМұнайГаз» болса, 169 миллиард төлеп, «міне, төледік» деп мақтанады, бірақ сонымен қатар бюджеттен 1 триллион теңге алып отыр.
Президент осы мәселені айтып келеді, тапсырма да берді, бірақ орындалмай отыр, осылайша нәтиже де жоқ.

Мұрат Қастаев,
экономист, DAMU Capital Management бас директоры:

Мемлекет үш шарт қойып, қалғанына араласпауы қажет

– Қазіргі қанатын тым кеңге жайған квазимемлекеттік аппарат –шынымен де еліміздің экономикалық өсімін тежеп отырған басты фактордың бірі. Эконо­микада мынадай заңдылық бар: мемлекет­тік және квазимемлекеттік құрылым­дардың үлесі артқан сайын, жеке бизнестің кеңістікке шығуы­на мүмкіндік азая береді. Түрлі бағалауларға сүйенсек, еліміздің экономикасының кем­ін­де жартысы, ал кейбір есеп бойынша үштен екісі дәл осы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қолында. Бұл – өте көп.

Мұндай құрылымдар экономикаға шынайы қосылған құн қоспайды, өйткені мемлекеттік органдар тікелей бюджеттен қаржыландырылады, ал квазимемлекеттік сектор көбіне тек ақша ағынын қайта бөледі немесе сол баяғы бюджетке арқа сүйейді. Сондықтан оларды қысқарту қажет. Бұл қадам жеке кәсіпкерліктің жаңа тынысын ашады, кеңістік береді.
Дамудың басты қозғаушы күші дәл осы жеке бизнес екенін ұмытпауымыз керек. Ол бәсеке қызып тұрған ортада жұмыс істеп, жаңа технологияларды енгізеді, жұмыс орындарын ашады, салық төлейді, еңбек өнімділігі мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартады.

Мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту туралы айтылып келе жатқанына біраз жыл болды. Бірақ жекешелендіру қарқыны өте баяу. Қайта қысқартудың ор­нына жаңадан құрылымдар пайда болып жатыр. Мұның себебі де түсінікті: квази­мемлекеттік сектор – мемлекеттік сектор­дың жалғасы. Олар – мемлекеттік бюджет­тің бір тармағы, биліктің тетіктері, ресурс­тың қайнар көзі. Яғни, билік өз құрылым­дарын қысқартып, өзін-өзі тиімді етуге мүдделі емес. Биліктен мұны талап ете алатын – Парламент. Президент реформаларды бастап жатыр және ол реформалардың бағыты да дұрыс. Бірақ отыз жыл бойы қалыптастырған мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгермейінше, шынайы нәтиже беруі қиын. Реформа қарқыны барынша батыл, жылдам болуға тиіс. Қазіргі күрделі геосаяси жағдай бұл қажеттілікті тіпті күшейтіп отыр. Президенттің жалғыз өзі бәріне үлгеруі мүмкін емес, оған тиімді мемлекеттік басқару жүйесі қажет. 

Квазимемлекеттік сектордың мінсіз моделі қандай болар еді дегенге жауап берер болсам, меніңше, ең дұрысы ол мүлде болмауы керек. Стратегиялық маңызы бар салалар мен активтер мемлекет бақылау­ында қалуы керек, ал қалған салада жеке бизнес еркін жұмыс істеуге тиіс. Мысалы, «Самұрық-Энерго» деген компания не үшін қажет? Оның қызметін Энергетика мини­стрлігі-ақ атқара алады. Сол секілді «Сам­ұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдинг­терінің құрамындағы компаниялар онсыз да жұмыс істей алады, өйткені бұл холдинг­тер пайдасыз бюрократияны ғана көбейтіп отыр. Олар өздері ешқандай өнім немесе құн өндірмейді, тек арадағы делдал. Бірақ кеңселері қымбат, жалақылары жоғары. Егер ертең «Самұрық-Қазына» жабылып қалса, ештеңе де өзгермейді. «Қазатомөнер­кәсіп», «ҚазМұнайГаз», ҚТЖ, «Эйр Астана», «Қазақтелеком», KEGOC, «Қазпошта» бәрі жұмысын жалғастыра береді. Ал осы қорды ұстауға кеткен миллиардтаған теңге үнем­деледі. Иә, ондағы қызметкерлер қысқара­ды, бірақ олар өзге жұмыс табады, жеке секторға кетеді, кәсіпкер болады. Сол кезде өнімсіз еңбек өнімді еңбекпен алмасады, ал бұл жалпы экономиканың тиімділігін арттырады.

Егер мемлекет экономикадағы үлесін азайтса, ол мемлекеттің өзі үшін де тиімді болар еді: Үкіметтің мәселелері азаяды, өзі ықшам әрі тиімді жұмыс істейтін құрыл­ымға айналады. Стратегиялық маңызы жоқ және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндір­мейтін барлық саланы нарыққа беру керек.

Мемлекет бизнестің алдына мынадай үш шарт қойып, қалғанына араласпауы қажет: заңды бұзба, елімізде жұмыс орын­дарын аш, салықты толық төле. Мемлекет нақты, анық талап қояды, ал оны бұзған­дарға қатал шара қолданады. Қалғанының бәрін нарық шешеді.

Ең өкініштісі, қазір уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр. Экономикамыздың іргетасы – мұнай. Ал бұл ресурсқа деген жаһандық сұраныс күннен-күнге азайып келеді. Болашақта оның бағасы да, маңызы да азаяды. Біз тәуелсіздіктің 30 жылында осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алмадық. Тәуелсіздігімізді сақтау – үлкен жетістік, бірақ халықтың әл-ауқатын еселеп арттыруға болатын мүмкіндік те сонымен бірге қолдан сусып кетті. Алда бізді тағы 30 жылдық тыныш әрі ресурсқа бай кезең күтіп тұрмауы да мүмкін. Егер осы онжыл­дықта батыл серпіліс жасай алмасақ, эконо­микамызды адами капиталға, білім мен технологияға негіздей алмасақ, онда кері қайтару мүмкін емес кері кету процесі басталады. Сол кезде дамушы елдер қатары­нан түсіп, «үшінші әлем» елдерінің сапына қосылу қатері нақты қауіпке айналады.

Жарас Ахметов,
экономист:

Рентаны қайта бөлу құқығынан айыру қажет

– Ұлттық компаниялар дәстүрлі түрде мемлекеттік басқарудың экономиканы реттеу құралы ретінде қызмет етеді. Алайда іс жүзінде бұл құрал көбінесе рентаны тар шеңбердегі элита арасында қайта бөлу үшін пайдаланылады. Сондықтан квази­мемлекеттік секторды нақты реформалау мүмкін емес болып тұр. 

Ұлттық компанияларды рентаны қайта бөлу функциясынан айыру арқылы ғана олардың экономикадағы рөлі туралы салмақты әңгіме айтып, талқылауға мүм­кіндік ала аламыз. Ал, оған дейінгі кез кел­ген реформа – мәнсіз, бекер, ешбірі айтарлықтай өзгеріс әкелмейді.

Сонымен қатар мемлекеттің экономикадағы рөлін түбегейлі қайта қарап, экономикаға мем­лекеттің араласу моделін қайта ойластыру  қажет екені – о бастан түсінікті жайт.

P.S. Корпоративтік басқару жүйесін реформалау – саяси ерік-жігерді ғана емес, техникалық тұрғыда дәл есептелген құры­лымдық өзгерістерді талап ететін күрделі процесс. Десе де, өткен онжылдықтың басы­нан бері айтылып, бірақ нәтижесіз қалып келе жатқан бұл мәселенің сонша­лықты созбалаңға салынуы елдің даму қарқынын айтарлықтай тежеп отырғаны анық. 
Сарапшылардың пікірін қорытын­дыласақ, не істеу керек екені, қандай қадам жасау керек екені белгілі деуге болады. Талқылаудан, таразылаудан, сараптау мен саралаудан кенде емеспіз. Тек әрекетке келгенде, қол байлаулы, аяқ тұсаулы сияқты.

Тэгтер:

Самұрық-Қазына квазимемлекеттік сектор Реформа Квазисектор пайда