...Екі дос межелі жерде, уәделі уақытта жолықты. Құшақтасып амандасып, жөн сұрасқан соң бірі: – Осы бүгін ғана сен туралы ойлап отыр едім. Артынша сен хабарластың. Хабарласқаның қандай жақсы болды, «тірлік» деп, «жұмыс» деп жүріп көріспегелі де көп болыпты, – деп бәйек болып жатыр. Екіншісі де қарап тұрмай: – Айтсам сенбессің, кеше түсіме кіріпсің. Содан таңертең ауызыма достар туралы әйгілі топтың әні орала берді. Түске дейін сол әнді ыңылдап жүрдім. Осы жерге келе жатқанда такси жүргізушісі радионы қосып еді, дәл сол ән әуелеп тұр. Қызық, ә?! Айтпақшы, түгенше қайда өзі, көрінбей кетті ғой, дегені сол – әне, «Есекті айтсаң, құлағы көрінеді» деген, өзі де келе жатыр», – деп жолдасы иегімен сонадайдан өздеріне жақындап келе жатқан үшінші досты нұсқады... Әрине, мұндай оқиға болмады. Десек те, дәл осындай кездейсоқ һәм таңғаларлық жағдайлар әрбіріміздің басымыздан өтетіні жасырын емес. Бір адамды ойлағанда, дәл сол сәтте одан хабар келуі, әлдеқашан ұмыт болған әуенді ыңылдағанда кенеттен сол әуеннің бірнеше жерде қайталануы немесе ішкі күйімізге сай келетін сыртқы жағдайлардың қатарласа орын алуы секілді сәттер «жай ғана сәйкестік» деп түсіндірілгенімен, кейде олар бізге тереңірек мағына беретіндей көрінеді. Бұл құбылысты психологияда синхрония феномені деп атайды. Ал бұл құбылыстың құпиясы неде?
Бала кезімізде аналарымыз үй шаруасымен айналысып жүріп, қолынан әлденені түсіріп алса яки төгіп алса «Сірә, үйге бір қонақ асығып келе жатыр-ау» деуші еді. Немесе бір-екі жастағы кішкентай баланың «жол қарауын» «қонақ келеді» деп ырымдап жататын. Бір қызығы, артынша көптен көріспеген қонақтар да келіп жатушы еді. Бұл сәйкестік яки кездейсоқтық па? Әлде мұның да бір тылсымы бар ма? Дәл осы құбылысты ХХ ғасырда әйгілі Зигмунд Фрейдтің шәкірті, швейцар психологы Карл Густав Юнг зерттеп, ғылыми айналымға енгізген екен. Ол бұл фен-оменді мағынасы бар сәйкестіктер деп сипаттайды. Яғни, бір-бірімен физи-калық байланысы жоқ, бірақ адамның ішкі күйі мен сыртқы оқиғалар арасында мағыналық үндестік табатын сәттердің орын алуы осы құбылысқа қатысты.
Юнг Нобель лауреаты физик Вольфганг Паулимен бірге жұмыс істеп, синхронияны кванттық физикадағы ұқсас құбылыстармен байланыстырып, бұл феноменді ғылыми-философиялық тұрғыдан дәлелдеуге тырысты. Олар бірге Паули-Юнг гипотезасын ұсынып, бұл құбылысты материя мен психикадағы біртұтас шындықтың екі қыры ретінде қарастырды. Юнг бұл ретте синхронияны «түйсік пен бейсаналық әлемнің көрінісі» деп түсіндірді. Яғни, бір оқиға екіншісін тудырмайды, бірақ олардың арасында белгілі бір символикалық мағына бар. Иә, көп жағдайда ғылым оқиғалар арасындағы себеп пен салдар байланысын іздейді. Ал синхронияда мұндай байланыс жоқ. Бұл феномен кездейсоқтыққа ұқсағанымен, адамның ішкі әлемінде ерекше мәнге ие болады. Мысалы, бір адам қатты күйзеліп жүргенде, кенеттен оны жұбататын кітап немесе әңгіме дәл сол сәтте кездесіп қалады, ұзақ көрмеген адам туралы ойласаңыз, сол күні жолығып қаласыз, маңызды шешім қабылдай алмай жүргенде, бір фильмдегі диалог ойыңызды нақтылауға көмектеседі. Қатты құлазыған кезде, радиодан дәл сол күйді бейнелейтін әннің қосылып кетуі. Бір адам түсінде танысын көріп, ертесіне сол адамды кездестіруі. Тіпті, кей адамдар жақын адамына қатысты бірдеңе болатынын іштей сезеді. Кейін сол сәтте әлгі адамға шынымен де бір жағдай болға- нын естіп жатады. Мұндай жағдайлар әсіресе аналарда жиірек кездесіп жатады. «Ана жүрегім сезді ғой» деуші еді ондай сәтте. Мұндай сәйкестіктерді адамдар кездейсоқтық деп түсіндіре алмай, оларды терең мағынамен байланыстыруға бейім болады – бұл синхронияның басты ерекшелігі.
Ғылым не дейді?
Классикалық ғылым синхронияны көбіне когнитивті қателіктердің немесе селекциялық қабылдаудың нәтижесі деп түсіндіреді. Яғни, біз мағынасы бар сәйкестіктерге назар аударамыз, ал мәнсіздері жайында ұмытып кетеміз. Скептиктер бұл құбылысты сәйкестікке мән беретін адамның бейімділігімен түсіндіреді, яғни ми кездейсоқтықтарды мағыналандырып көруге тырысады. Дегенмен кванттық физика мен бейсаналық процестер арасындағы байланысты зерттейтін кей ғалымдар синхронияда терең жүйе болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Философияда синхронияны онтологиялық және эпистемологиялық мәселелермен қарастырады. Рационалистер мұны психикалық процестің кездейсоқ өнімі десе, метафизиктер синхронияны Жаратушының «көрінбейтін саусағы» деп санайды. Иә, феномен тек Карл Юнгтің идеясы ғана емес, бұл ұғымды өзге де ғалымдар әртүрлі тұрғыдан зерттеген. Ғалымдар М.Йохансен мен М.Осман когнитивтік ғылым тұрғысынан синхронияны рационалды когниция және дәлелдеу қисынына бейімділік арқылы түсіндіреді. Олар адамдардың мағыналы сәйкестіктерді байқауға бейім екенін, бұл құбылыстың психологиялық негізі бар екенін айтады.
Иә, синхрония құбылысына қатысты тікелей ғылыми эксперименттер өте аз, себебі бұл құбылыстың бейсаналық, субъективті және бақылауға қиын сипаты зерттеу жүргізуді күрделендіреді. Дегенмен синхронияны жанама түрде растайтын немесе сол құбылысқа ұқсас механизмдерді зерттеген бірнеше маңызды психологиялық және нейроғылыми зерттеу бар. Мәселен, ғалым Майкл Шермердің адамдар кездейсоқтықтың өзінен де мағына іздейді дейді. Ол тәжірибе барысында адамдарға кездейсоқ дыбыстар естірткен. Кейбір топқа «бұл дыбыстарда жасырын сөздер бар» деп айтылады. Сол топтағы адамдар дыбыстардан сөздер естігендерін айтады, ал қалғаны ештеңе байқамағанын жеткізеді. Ғалымдар нейробиологиядағы «айналаға үйлесімділік» деген термин де енгізеді. Бұл термин екі немесе одан көп адамның ми толқындарының бір-бірімен үйлесіп кетуін сипаттайды. Зерттеулер көрсеткендей, адамдар бір тақырыпта әңгімелесіп, эмоциялық жақындыққа жеткенде, олардың мидың электрлік белсенділігі синхрондана бастайды екен. Бұл «нейро-синхрония» деп аталады. Бұл феномен синхронияның биологиялық деңгейде де болатынын дәлелдеуге бағытталған. Ал Дин Радин сияқты зерттеушілер синхронияға сенудің адамның діни, рухани сенімімен тығыз байланысы бар екенін анықтаған. Эксперименттер барысында рухани адамдар кездейсоқ сәйкестіктерге көбірек мағына берсе, скептиктер бұны кездейсоқ деп санаған.
Кванттық физикада синхрония құбылысы тікелей зерттелмесе де, кейбір кванттық ұғымдар мен синхрония арасынан философиялық немесе метафоралық байланыстар жиі жасалды. Мәселен, кванттық байланыс ұғымында, екі немесе одан да көп бөлшек бір-бірімен байланысқа түсіп, оларды кеңістік пен уақыт бөлсе де, бір бөлшектегі өзгеріс екіншісіне бірден әсер ететінін білдіреді. Кей философтар мен психоаналитиктер мұны «психикалық және физикалық процестер арасындағы синхронды үйлесімділік» деп түсіндіреді. Демек, адам бір оқиғаға мән берсе, сол оқиға «мағынаға ие» болады. Көптеген қазіргі кванттық физиктер синхронияны ғылыми емес, метафоралық түсінік ретінде қарастырады. Себебі кванттық байланыс субатомдық деңгейде жұмыс істейді, оны адамның санасымен байланыстыру дәлелденбеген. Бірақ синхрония туралы идеялар кванттық философиямен үндесіп, әсіресе руханитанымдық ортада кеңінен тараған.
Бір қызығы, синхрония ұғымы Шығыс философиясында да кездеседі. Даосизмде «Дао» ұғымы арқылы әлемдегі үйлесімділік пен табиғи тәртіп түсіндіріледі. Иә, синхрония құбылысы көптеген мәдениетте мистикалық немесе діни мағынаға ие. Шаманизм, индуизм, буддизм, ислам сопылығы және христиан мистицизмінде де адамның ішкі рухани күйі мен сыртқы әлем арасындағы үндестік туралы айтылған. Мұндай сәттер «белгі», «жол сілтеу» немесе «тағдырдың нышаны» деп қабылданады.
Қазақ танымындағы синхрония
Сөз киесіне мән берген қазақ әрқашан жақсылыққа ырым етеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп сөз бен шындықтың мағыналық байланысын мойындаған. Түсті жақсылыққа жору – шынайы өмірге тікелей әсер етеді деп сенген. Иә, қазақ дүниетанымында синхрония феноменіне ұқсас ұғым мен түсінік көп. Бұл құбылыстар көбіне тылсымға сенім, тәңірлік таным, сезімдік байланыс, ырымшылдық және мақал-мәтелдер арқылы көрініс табады. Тіпті, бертін келе оң көз тартса қуаныштан үміт етіп, сол көз тартса көңіліне алып, алақан қышыса ақша келеді деп сенетін жұрт арасында кең тараған мынандай бір әзіл бар. «Екі дос әңгімелесіп тұр. – Бауырым сол қолым қышып жүр. Бұл ненің белгісі?. Екіншісі: – Демек, жақын арада ақша келеді, – дейді. – Оң қолым да қышып жүр. – Бұл жақын арада бір адаммен амандасасыз, танысасыз деген белгі. – Аяғым да қышып жүр. – Сапарға шығасыз. – Құлағым да қышып, мазам болмай жүр. – Демек, жақсы жаңалық естисіз. – Соңғы уақытта арқам да қышитынды шығарды. – Бауырым саған моншаға бару керек қой, – дейді шыдамай кеткен досы. Бұл әзіл де болса әрбір нәрседен мән іздейтін адамдардың барлығын, синхронияның табиғатын суреттейді. Жоғарыда айтқан «Есекті айтсаң, құлағы көрінеді» деген сөз де бекер туындамаса керек-ті.
Юнг айтқан «түйсік пен бейсаналық әлемнің көрінісі» жайында айтар болсақ, сөздің киесіне сенетін ақын-жазушылар арасында болашаққа болжам жасаған шығармалар жоқ емес. Тіпті, көп десек те болады. Соның ел арасында кең таралғаны Мұқағали Мақатаевтың өзінің ақтық уақытын болжауы. «Өзімнің есебімде,
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге.
Ұмыт болып есебің де, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде...». Расында да, ақиық ақын қырықтың бесеуінде аурухана төсегінде мәңгілік ұйқыға кетті. Жастай қыршын кеткен адуынды айтыскер Оразалы Досбосынов әуелгі сөзін:
«Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжырықпын, Шарғынмын», – деп бастайтын дейді көзін көрген әріптестері. Шынында, Оразалы ақын жасы отыздан аспай, небәрі 29 жасында жарық дүниемен қош айтысып кете барды. Мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері Денис Теннен «спортта қай жасқа дейін жүресің?» деп сұрағанда, «25 жасқа дейін» деп жауап берген. Ақыры, жас талант 25-ке жетпей кісі қолынан қаза табады. Әр сөзіне кие сіңдіре білген тағдырлы ақын Маралтай Райымбекұлы өзінің бір сұхбатында «У қайтару» атты өлеңінің тарихы жайында айта келіп:
«Тамырынан таратылып текті сөз,
Ал арманшыл асыл халқым көкті кез.
Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез!» деген өлеңді жазғанда әлі Көк Туымыз Мемлекеттік Ту ретінде қабылданбағанын айтады. Біршама жылдан соң ғана дәл өлеңде суреттелгендей тәуелсіз елдің Туы қабылданған екен.
Мұндай мысалдар жетерлік. Бұл сенімдер – физикалық құбылыстар мен әлеуметтік не рухани оқиғалардың арасындағы себепсіз, бірақ мағыналы байланысқа негізделеді. Қазақ фольк- лоры мен ауыз әдебиетінде де син-хронияны меңзейтін тұстар өте көп. Бұл феномен тек ғылыми контексте ғана емес, мәдени-рухани код ретінде де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан түсінік.
Тұлғалар өміріндегі тылсымдар
Иә, синхрония феномені танымал тұлғалардың өмірінде де кездескен. Енді сол мысалдарға кезек берсек. Синхрония ұғымын алғаш ұсынған Карл Юнг өзінің науқасымен сеанс кезінде синхронды жағдайды бастан өткергенін жазған. Науқас түсінде алтын қоңызды көргенін айтып жатқанда, дәл сол сәтте Юнгтың терезесіне скарабейге ұқсайтын (алтын түсті қоңыз) жәндік соғылған. Женевада өте сирек кездесетін жәндіктің дәл сол уақытта терезеге соғылуы өте таңғаларлық еді. Дәл осындай оқиға британдық психоаналитик Артемид Николаидестің де басынан өткен екен. Науқасымен бала кезде ата-анасымен түскі ас ішіп отырғанында күміс қасықтың терезеден түсіп кеткенін айтады. Сол сәтте, кабинеттегі ашық тұрған терезе сыртынан күміс қасық ұшып, еденге түседі. Кейін қасықтың көршілес кеңседегі асханадан түскені анықталған.
Америка президенті Авраам Линкольн туралы тылсым да қызық оқиғалар жетерлік. Ол өзінің өлімінен бірнеше күн бұрын түсінде Ақ үйде өз мәйітін көргенін айтқан. Түсінде ол қара киінген адамдардың бір бөлмеде жиналып, «Президент өлтірілді» дегенді естіген. Бұл түсінен кейін ол көп ұзамай қаза табады. Тарихта дәл осы Авраам Линкольн мен АҚШ президенті Джон Кеннеди арасындағы көптеген сәйкестік те таңғалдырмай қоймайды. Екеуі де жұма күні, бастарына оқ тиіп қаза тапқан. Екеуінің де фамилиясында 7 әріп. Линкольн 1860 жылы, Кеннеди 1960 жылы президент болып сайланған. Екеуінің де артында вице-президент қалған, фамилиялары Джонсон әрі екеуі де оңтүстік штаттан шыққан. Линкольннің хатшысы «Кен-неди», Кеннедидің хатшысы «Линкольн» деп аталған деген де аңыз тараған деседі.
Артынан мол аңыз қалдырған «Титаник» апаты да синхронияның нағыз мысалы десек болардай. 1898 жылы жазушы Морган Робертсон «Futility, or the Wreck of the Titan» (Қажетсіздік немесе Титан апаты) атты роман жазады. Бұл шығармасында «Titan» атты үлкен, суға батпайтын кеменің солтүстік мұзды мұхитта айсбергке соғылып апатқа ұшырауы сипатталады. Кемеде жеткілікті құтқару қайықтары болмауы – басты мәселе ретінде алынған. 14 жыл өткен соң, 1912 жылы шын мәнінде «Титаник» айсбергке соғылып, дәл кітапта сипат-талған апат орын алды. Кеме атауы, апат уақыты, құтқару қайықтарының жетіс-пеуі таңғаларлық ұқсастық. Ал жазушы Марк Твен 1835 жылы Галлей кометасы Жерге жақындаған кезде дүниеге келген. Ол өз сөздерінің бірінде «Мен Галлей кометасымен бірге келдім және ол қайта оралғанда мен де кетемін», – деген. Расында, Марк Твен 1910 жылы дәл сол комета Жерге жақындаған күні қайтыс болды. Атақты актер Энтони Хопкинстің басынан өткен оқиға да еріксіз бас шайқатады. Ол «The Girl from Petrovka» фильміне дайындалып жүріп, фильм негізіндегі романның көшірмесін таба алмай қиналады. Кітап дүкендерінде де жоқ. Сол күні метро аялдамасында ол орындықта жатқан бір кітапты көреді. Аңдап қараса дәл өзі іздеп жүрген роман болып шығады. Кейін белгілі болғандай, бұл кітапты жоғалтып алған роман авторы Джордж Файфердің өзі екен.
Эдгар Аллан По өзінің «Артур Гордон Пимнің оқиғасы» (1838) романында теңізшілердің аштықтан аман қалу үшін экипаждағы Ричард Паркер атты баланы жеп қойғанын жазады. Бұл ойдан шығарылған шығарма болатын. Алайда 46 жылдан кейін, 1884 жылы дәл сондай оқиға орын алады. Ричард Паркер есімді жігітті теңізде қалған серіктері шынымен де жеп қояды. Бұл енді ойдан шығарылған оқиға емес, нақты тіркелген қылмыстық іс болатын. Мұндай оқиғаларды тізе берсек өте көптеп кездеседі. Мұның бәрі жай ғана конспирология болуы мүмкін. Десе де, адамдар мағына іздейтін бейсаналық механизмнің (синхрониялық интерпретацияның) нақты мысалы ретінде жиі аталады.
Наурызбек САРША