Астана – шексіз дала төсінде бой көтерген өркениет пен жаңғырудың символы. Елорда бір кездері қарапайым бекініс пен шағын қала болса, бүгінде еліміздің әкімшілік және саяси орталығы, Қазақстанның технологиялық болашағын айқындайтын озық мегаполиске айналды. Елордада жүзеге асып жатқан заманауи инфрақұрылымдық жобалар, Smart City тұжырымдамасы және инновациялық экожүйе – бұл дамудың жаңа бағытын айқын көрсетеді.
Мұнда бірінен-бірі асатын сәулеті келіскен ғимараттар ғана салы-нып жатқан жоқ, сонымен қатар адамдардың өмір сүру дағдысын өзгертетін цифрлы шешімдер де қабылданып жатыр. Елорда көшелеріндегі интеллектуалды бейнебақылау жүйелері – қала тіршілігін дер кезінде бақылап, реттеп отыратын «ақылды» инфрақұрылым. Қоғамдық көліктегі электронды төлем, цифрлы денсаулық паспорттары – бұның бәрі Астананың бет-бейнесін жаңаша сипаттап тұр.
Заманауи қалада технология жай сән емес, бұл – тұрмыстың бір бөлшегі. Astana Hub-тың стартап жобалары, Big Data талдауы арқылы шешім қабылдайтын әкімшілік, жасанды интеллектке сүйенген қалалық қызметтер – бәрі де елорданы Орталық Азиядағы инновацияның ошағына айналдыруда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жалпы, ІТ бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол арқылы бас қаламыз аймақтың Digital nomads орталығына айналмақ. Біз Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамытуымыз керек. Әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек», – деген болатын.
«Ақылды» қала
Ақылды қала дегеніміз ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану арқылы қаланың инфрақұрылымын, ресурстарын және қызметтерін тиімді басқаруды қамтамасыз ету. Қарапайым тілмен айтқанда, тұрғындардың өмірін ыңғайлы, қауіпсіз және экологиялық таза ететін заманауи технологиялармен жабдықталған қала.
Қазақстан үшін де Smart City тұжы-рымдамасы өте маңызды. Өйткені инновациялық технология тек ірі қалаларда ғана емес, сонымен қатар шағын моноқалаларда экономикалық тиімділік, экология және өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қалада қалыптасқан smart орта тек тұрғылықты халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, қаланың инвестиция, инновация, экологиялық тартымдылығын жоғарылатады.
Бүгінде Астана – Smart City тұжырымдамасын жүйелі іске асырып келе жатқан Орталық Азиядағы ең ірі қалалардың бірі. Жоба 2015 жылдан бастап белсенді қолға алынды. Қаланың дамуын стратегиялық жоспарлау кезінде ақылды шешімдерді енгізу негізгі мақсат ретінде қойылды. Өйткені Smart City ұғымы – тек цифрлы технологиялар емес, қаланы басқару мен өмір сүру сапасын түбегейлі өзгертетін кешенді тәсіл. Осы мақсатта қала әкімдігі бірнеше жылдан бері Smart Astana жобасын іске асырып келеді. Бұл жоба бірнеше бағытты қамтиды. Соның бірі – қаланың қауіпсіздік жүйесі. Оны қамтамасыз ету үшін «Сергек» интеллектуалды бақылау жүйесі орнатылып, жол қозғалысын басқару орталығы заманауи алгоритмдермен жабдықталды. Қоғамдық көлікте электронды төлем жүйесі, коммуналдық қызметтерде қашықтықтан есеп айырысу сервистері енгізілді. Бұл шешімдер әкімшілік ресурстарды үнемдеп, процестердің ашықтығын арттыруға ықпал етті.
Smart City тұжырымдамасының екінші бағыты – тұрғындарға цифрлы қызмет көрсету. E-gov порталы және мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігі онлайн режимде көрсетіледі. Электронды кезек, қашықтан құжат рәсімдеу, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді төлеу – барлығы цифрлық алаңда жүзеге асады. Мысалы, E-gov порталы мен Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы халыққа 600-ден астам мемлекеттік және сервистік қызмет көрсетіледі екен. Соның ішінде ең жиі қолданылатын қызметтерге: бала бақшаға кезекке тұру, мектепке қабылдау, тұрғын үй кезегін бақылау, дәрігерге тіркелу, коммуналдық төлемдер мен әлеуметтік көмекке өтінім беру жатады.
«Ақылды» көлік бағыты қоғамдық көлікте электрондық билеттеу жүйесін қамтиды. Жолаушылар карта арқылы немесе QR-кодпен төлем жасай алады. Көшелердегі интеллектуалды бағдаршамдар қозғалысты оңтайландырып, кептелістерді азайтуға көмектеседі. Ал коммуналдық қызмет бағыты автоматтандырылған есептеу құралдарымен қамтамасыз етіліп, қашықтан басқарылады. Жалпы, Астанадағы «ақылды қала» жобасы аясында экономика, басқару, өмір, ұтқырлық, адамдар, қоршаған орта сынды негізгі 6 бағыт көзделген. Бүгінде бұл жұмыс шетелдік кеңесшілермен бірлесіп атқарылуда.
Ақылды қалалар экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағынан алғанда бүгінгі және болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыруы керек.
Бүгінде Астана әкімдігі қаланың әртүрлі саласындағы 30-дан астам қызметті, атап айтсақ 100 бизнес-үрдісті автоматтандырды. «Еститін Үкіметтің» үлгісін қамтамасыз ету үшін бірқатар Smart жобаны іске асырды. Бұл біршама жұмысты айтарлықтай жеңілдетті. Бір ғана мысал, америкалық 911 қызметіне пара-пар IKomek 109 қызметіне күн сайын 5 мыңнан 29 мыңға дейін өтініш түседі екен. Аталған жүйе әрбір хабарласқан азаматтың өтінішінің мәртебесін қадағалауға, салалар бойынша сұрыптауға және мәселені шешу мерзімдерін бақылауға мүмкіндік береді. Жалпы, елордалықтардың күнделікті тұрмыстық сұрақтарын шешуге қажетті барлық сервис бір ғана Smart Astana қосымшасына енгізілген. Мұнда суды есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін беруден бастап техникалық байқау, тұрғын үй кезегін тексеру, дәріханалардан қажетті дәрі-дәрмектерді табуға дейін қарастырылған.
– Birge порталындағы 10-нан астам инклюзивті қызметті ерекше балалардың ата-аналары белсенді пайдаланады, оның ішінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясына, оңалту және балаларының әлеуметтік бейімделуіне жолдама алу қолжетімді. Сондай-ақ портал арқылы «Арғымақ» ат-сауықтыру кешенінде иппотерапия арқылы оңалтуға жазылу қызметі де қолжетімді, себебі атқа міну ерекше қажеттіліктері бар балалардың қозғалыс дағдыларын қалпына келтіруге және дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар қаладағы қауіп-сіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай серпіліс жасалды, полицияның жедел басқару орталығына шығарылған 30 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Елорда тұрғындарының үй мәселелерін қашықтан шешуге арналған Upravdom, Е-Knot, Аula және Osi.kz жобалары іске қосылды. Олардың көмегімен тұрғындар батырманы бір рет басу арқылы МИБ тіркей алады және үйден шықпай-ақ үй басқарушысын онлайн түрде таңдай алады, – дейді Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы Дидар Ұланұлы.
Астанадағы білім беру ұйымдары да заманауи шешімдерді белсенді енгізуде. Мектептерде электронды күнделік, онлайн сабақ жүйелері, қашықтан оқыту платформалары іске қосылған. Оқушылар мен ата-аналар оқу үлгерімін интернет арқылы бақылай алады.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар ілгерілеу бар. Мәселен, электронды денсаулық паспорты, дәрігер қабылдауына онлайн тіркелу, медициналық қызметтерді қашықтан алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшалар бар. Бүгінде қала тұрғындарының 95 пайызы электронды денсаулық төлқұжатын пайдаланады. Сондай-ақ қаланың заманауи дамуы экологиялық бағыттарды да қамтып отыр. Қалада «жасыл аймақтардың» көлемі жыл сайын ұлғайып жатыр. Бүгінде елорданың инфрақұрылымы BIM және 3D модельдеу технологияларымен жобаланады. Қаланың жаңа нысандары халықаралық BREEAM және LEED стандарттарына сәйкестендіріліп салынуда.
2023 жылы Астана Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Smart City рейтингінде көшбасшы орынға ие болып, Intelligent Community Forum нұсқасы бойынша ең ТОП-21 интеллектуалды қалалардың қатарына енді. Бұл көрсеткіштер оның инновациялық және заманауи қала ретінде беделін тағы да бір дәлелдей түседі.
«Ақылды қала» жобасы алда да әлі жалғасын таба береді. Астана озық технологияларды енгізу арқылы цифрлық болашаққа батыл қадам жасауда. Жалпы, бұл бағытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қала әкімдігі «бір терезе» қағидатын дамытуды жалғастырып келеді. 2023 жылы электронды өтініштердің үлесі 92 пайызға дейін жетті.
Astana Hub – инновациялар ордасы
2018 жылы ашылған Astana Hub ха- лықаралық IT-стартаптар технопаркі бүгінде елордамен қатар, еліміздегі ең ірі инновациялық орталыққа айналды. Астананың цифрлық дамуы ең алдымен осы технопаркпен тығыз байланысты. Орталық ашылған күннен бастап қазақстандық және шетелдік стартаптарға қолдау көрсетіп, жүздеген жас компанияның қанат жаюына жол ашты. Мұнда
1 000-нан астам компания резидент мәртебесіне ие болып, өз жобаларын жүзеге асырып келеді. 2022 жылдың өзінде Astana Hub резиденттері 100 миллиард теңгеден астам өнім шығарды.
Сондықтан бұл орта жас кәсіпкерлер үшін тәжірибе мен білім алаңы ғана емес, бүкіл елдің цифрлық өрлеуінің тірегі десек қателеспейміз. Тіпті, бүгінде Astana Hub Орталық Азиядағы ең ауқымды технологиялық алаңдардың бірі саналады.
Астана Hub осыған дейін де көптеген маңызды жұмыс атқарды. Ең алдымен, стартаптарды қолдау және дамыту бағытында арнайы бағдарламалар іске қосылды. Мысалы, Startup School бағдарламасы кәсіпкерлерге өз жобаларын құруға көмектеседі. Acceleration Program аясында стартаптар нарыққа шығу стратегиясын әзірлеп, тәжірибелі менторлардан кеңес алады. Сонымен қатар, Seed Money гранттары беріліп, жобаларды бастапқы кезеңде қаржыландыруға мүмкіндік берілді.
Аталмыш орталық инвестиция тарту бағытында да белсенді жұмыс істейді. Бүгінде ол инвесторлар мен венчурлық қорлармен байланыс орнатып, стартаптарға қаржылай қолдау көрсетуді жолға қойды. Инвесторлар клубы құрылып, кәсіпкерлер мен инвесторлардың ашық диалогы қамтамасыз етілді. Бұл елорданы әлемге таныту, беделін нығайту, қала экономикасын көтеруде маңызды бас-палдақ болып отыр. Бұдан бөлек, IT-қоғамдастықты дамыту үшін жыл сайын жүздеген іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында хакатондар, халықаралық форумдар, конференциялар және шеберлік сабақтары бар. Бұл іс-шаралар кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына, серіктестер табуына және өнімдерін таныстыруға жол ашты. Сонымен бірге шетелдік компаниялар мен мамандар үшін Astana Hub арнайы жеңілдіктер ұсынады. Резиденттер корпоративтік табыс салығынан және қосылған құн салығынан босатылады. Ал шетелдік IT-мамандарға арнайы визалық режим қарастырылған, бұл халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Astana Hub цифрлық инновацияларды ілгерілету, IT-өнімдердің экспортын арттыру және жұмыс орындарын құру арқылы елорданың, тіпті мемлекетіміздің экономикасына зор үлес қосуда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Astana Hub – заманауи инфрақұрылымы, халықаралық серіктестігі және ауқымды қолдау құралдары бар бірегей инновациялық платформа. Орталық еліміздің IT саласының дамуына және жас кәсіпкерлердің жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік беріп отыр.
Болашаққа бағдар
Биыл инженерлік инфрақұрылым саласында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып отыр. Су, жылу, электр және газ желілерін жаңғырту қаланың өсу қарқынына сай жүргізілуде. Мәселен, «Железнодорожный» және «Интернациональный» тұрғын алаптарында жаңа су құбыры мен кәріз жүйелері салынып жатыр. Сонымен қатар «Сарыарқа» ауданының шеткері бөліктерінде газбен қамту көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Қаладағы көпқабатты үйлердің 68 пайызы цифрлы басқару жүйесіне көшкен. Бұл шығындарды ғана азайтып қоймай, коммуналдық қызметтердің сапасын да арттыратыны сөзсіз.
Қалалық көлік инфрақұрылымының дамуында да маңызды жаңалықтар бар. Солардың бірі – LRT жобасы. Оның алғашқы желісін іске қосу 2026 жылдың басына белгіленіп отыр. Жалпы, LRT құрылысын Астананың технологиялық дамуының бір маңызды бөлігі деп есептеуге толық негіз бар. Өйткені ол жай ғана көлік емес, қалалық инфрақұрылымды цифрландыру мен интеллектуалды басқаруды қамтитын заманауи жүйе. Сондықтан LRT құрылысы – Астана Smart City тұжырымдамасының және технологиялық дамуының құрамдас бөлігі.
Жақында Астана қаласы әкімдігінің Урбанистика орталығы ағаштарды электронды паспорттау жұмысын бастады. Ағаштарға QR код ілу – әрбір ағашты цифрлық тіркеу, оның «сандық төлқұжатын» жасау үшін қолға алынған жоба. Енді қала тұрғындары QR код көмегімен ағаш туралы ақпарат алып, оған қатысты мәселе туындаса, тиісті органдарға хабарлай алады.
Жобаның негізгі мақсатының бірі – ағаштардың есебін жүргізу, яғни, әрбір ағаштың түрі, жасы, өсу жағдайы, орналасқан орны секілді деректерді цифрландыру. Екіншіден, қоғамдық ақпараттандыру. Бұл дегеніміз QR кодты сканерлеген адам ағаш туралы толық ақпаратты (атауы, ботаникалық түрі, статистика, т.б.) смартфон арқылы ала алады деген сөз. Үшіншіден, бұл табиғатты қорғау мен басқарудың тиімділігі. Ағаштардың күйі мен жағдайы жөніндегі деректер мониторинг‑жүйеге түскендіктен, жоспарланбаған кесулер мен зақымданулардың алдын алуға болады. Төртіншіден, ағаштарды таңбалау – қала экологиясын дамыту. Тұрғындар мен зерттеушілер үшін ағаш ресурстарын тануға арналған білім беру, экотуризм мен экологиялық сананы дамытады.
Сонымен, Астанадағы бұл QR-кодтар – бір жағынан экологиялық ақпараттық жүйенің құрамдас бөлігі болса, екінші жағынан – қаланың «ақылды» жобасының айқын көрінісі.
Ағаштарды кодтау – әлемде кең қолданыс тауып келе жатқан тәжірибе. Мысалы, Үндістанда, Ресейде және Малайзиядағы университет кампустарында да ағаштарға QR код іліп, ақпарат беру жиілеп келеді.
Бүгінде Астана әкімдігі Big Data, жасанды интеллект, «Жасыл технологиялар» және Smart Home жобаларын дамытуды басым бағыт деп жариялап отыр. Қаланың барлық инфрақұрылымы цифрлық картаға түсіріліп, басқару процестері автоматтандырылады. Осы арқылы халыққа қызмет көрсету сапасы артып, қалалық ресурстарды пайдалану тиімділігі жақсарады, нәтижесінде экологиялық тұрақтылық қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, қаланы толық цифрлы платформаға көшіру, экологиялық мониторингті жетілдіру және энергия тиімділігін арттыру жоспарлануда. Бұл бастамалар елорданы Орталық Азиядағы ең озық мегаполистердің қатарына қосатыны сөзсіз.
Бас шаһарда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар мен цифрлы инфрақұрылым ел экономикасына ғана емес, қоғамның әлеуметтік және мәдени өміріне де оң ықпал етіп келеді. Соңғы жылдары елорданың инфрақұрылымы толықтай қайта жобаланып, заманауи стандарттарға сәйкес жаңартылды. Қалалық кеңістікті басқарудың автоматтандырылған жүйелері, электрондық қызметтер, «ақылды» инфрақұрылым, жасыл энергия көздерін пайдалану – барлығы Астананы технологиялық қалалардың қатарына қосады.
Астана – тек заманауи сәулетті ғимараттармен ерекшеленбейді, ол – технологиялық шешімдер мен инновациялық идеялардың ірі алаңы. Алдағы онжылдықта жасанды интеллект, Big Data, заттар интернеті сияқты шешімдер елорданың дамуына тың серпін беретініне сенім
мол.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ