Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабының түрі көп. Бірақ соның ішінде елге кең танымалы, ең көп қолданылатыны домбыра мен қобыз десек, одан кейін жетіген аспабы дер едік. Кейінгі дәуірде бұл аспап ұлттық-фольклорлық ансамбльдер мен оркестрлерден орнын тауып, оны үйренуге қызыққан жастар қатары көбейіп келеді. Жетігенді зерттеп жетілдірген, ол аспапта музыка ойнау методикасын жасауға көп еңбек сіңірген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, өнер магистрі Нұргүл Жақыпбекпен қазақ халқының көне музыкалық аспабының қолданылу тарихы мен ұлттық музыкамыздағы орны жайында әңгімелескен едік.
– Бүгінде халыққа кең танымал болып, ұлттық музыка мәдениетімізде өз орнын алып отырған жетіген аспабының тарихы қандай?
– Жетіген – берісі қазақтың, әрісі түгел түркінің көп ішекті ұлттық музыкалық аспабы. «Жетіген» деп аталуы музыкалық аспаптың о баста жеті ішекті болуына байланысты болса керек. Жетіген туралы халық аңызында оның жасалауына байланысты «баяғы бір заманда жұт кезінде жеті баласынан айырылған бір кісі қу ағашты ойып, оған жеті ішек тағып, сол ішектерді шертіп отырып күй шығарып, балаларын жоқтаған екен» дейді. Ол енді аңыздың жеткізгені. Ал жетігенді тауып, жасатып музыкалық аспаптарымыздың қатарына қосқан этнограф ғалым, академик Болат Сарыбаев болатын.
Жетіген – ағаштың ішін ойып, қорап секілді жасалады. Ұзындығы көбіне бір метр шамасында болады. Музыкалық аспаптың бір бүйірі ашық, екінші бүйірі жабық болып келеді. Жабық бүйірге жуандығы әртүрлі ішек тағылады, олардың әрқайсының астында екі тиектен болады.
Ертеде жетігеннің формасы астау тәрізді болған. О баста аспаптың қазіргідей қақпағы, тиегі, құлақтары болмаған, ішектер аспаптың сырт жағына керіле тартылып байланған. Ал қазіргі жетігеннің әрбір ішегіне арналған құлағы бар.
Жетіген аспабын Болат Сарыбаев бірнеше рет жасап, жетілдірген. Алғашқы нұсқасында жетіген 13 ішекті болып, диапазоны 1 жарым октава болса, кейінгі формасында жетіген 1 жарым метрге ұзартылып, диапазоны 2 октавалық музыкалық аспапқа айналған. Соңғы түрінде жетігеннің диапазоны кварта интервалына жету үшін дыбыс қатарының төменгі бөлігіне бес ішек қосылып, ол күрделі музыкалық шығармаларды орындауға қабілетті аспапқа айналды. Қазір жетігенді түрлі ұлттық-фольклорлық ансамбльдерден, оркестрлерден көруге болады.
Жетігенді алғаш қолына алғандар Талғат Сарыбаев, Құрманбай Маханов деген кісілер еді.
– Рахмет, жетіген аспабы жа- йында, оның жетілдіру тарихы туралы өте қызықты деректер айттыңыз. Енді мынаны айтыңызшы, өзіңіз өнерге, оның ішінде жетіген аспабына қалай келдіңіз?
– Мен Ақтөбе облысының перзентімін. Білім алуды Қобда ауданындағы музыкалық мектепте бастап, кейін Ақтөбе қаласындағы музыкалық училищеде жалғастырдым. Одан соң Алматыға келіп жоғары білім алдым.
Жетіген аспабымен 1988 жылдан бастап айналыса бастадым. Оған дейін домбыра, қобыз аспаптары бойынша білім алған едім. Жетігенмен айналысуыма «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне жұмысқа тұруым себеп болды. Сол ансамбльде жетіген аспабын алғаш қолыма алдым. Ол кезде Еділ Құсайынов, Сәуле Мереке секілді екі-үш адам болмаса, жетіген аспабында ойнайтын маман жоқтың қасы еді. Әркім өз білгенінше ойнайтын. Ол музыканттардың өзі жетігенді біле бермейтін. Жетігенді сахнадан көргендер мынау қандай аспап деп сұрап жататын. Ол кезде аспаптың репертуарлық қоры өте аз болатын, онда музыка орындау әдістерін де біле бермейтінбіз.
Жоғарыда айтып өткенімдей, Болат Сарыбаев ағамыз аспапты жасап шығарғанымен, бұл аспапты алғаш қолына алғандар жетігенде кәсіби деңгейде музыка орындауға жете қойған жоқ. Өйткені енді ғана шығып жатқан аспапқа қызығушылық болмады, оның үстіне музыка орындау медодикасы жоқ, арнаулы музыкалық шығармалары тапшы аспапқа сұраныс та бола қоймады.
Ол кезде жетігенді ойнау тәсілін білмейміз, өз бетімізше үйреніп тартып жүрдік. Дегенмен біртіндеп жетіген музыка мамандарының, жұрттың қызығушылығын оята бастады. Жетігеннің өзіндік формасы, әдемі нәзік үні тыңдаушылардың назарын өзіне тарта бастады. Сөйтіп, өткен ғасырдың соңында жетіген көзге көрініп, ерекше дыбысы құлаққа жетіп, ұлттық аспаптарымыздың қатарынан өз орнын тапты.
– Сіздің жетігенді жетілдіру жо- лында еткен еңбектеріңізден хабардармыз. Сол жайлы кеңірек әңгімелеп берсеңіз?
– Менің алғаш ұстаған жетігенім 14 шекті еді, ортасында бір тиегі болды. Ол дыбыстарды екіге бөліп тұратын. Тиектің оң жағындағы ішектердің дыбысы музыка шертуге келіп тұрғанымен, сол жағындағы ішектердің дыбысы онша келіңкіремейтін. Қиналыңқырап шертіп жүрдік. Одан ке-йін 90-жылдардың ортасына таман «Саз-ген» ансамбліндегі жетекшіміз Самат Мәлімбай жетігенді жетілдіруді қолға алды. Ол 18 шекті болды, оның да орта-сында бір тиек болды. Содан соң аспап жақсара түскендей болды. Біраз жыл жетігеннің сол түрімен музыка орындап жүрдік, бірақ орындау әдісі онша жетіле қоймады. Ішекті іліп тартып, бір-екі күй мен әнді ойнап жүрдік. Сөйтіп жүргенде белгілі күйші Әбділхамит Райымбергенов ағамыз хакастарда жетіген секілді аспап барын айтып, бізде сол жақтан келген студенттер бар, солардан ойнау тәсілін көр деп кеңес берді. Жетіген түбі бір түркі халықтарының ортақ аспабы деуге болады, тек бізде ұмытылыңқырап кетіп, хакас секілді халықтарда сақталып қалған. Сондықтан хакастардың біздің жетігенге ұқсас чатхан аспабын орындаушылардан үйрендім. Ол да екі саусақпен шертіп ойналады екен. Үйрене келе байқағанымыз, жетігенге қазақтың домбырада теріс бұраумен орындалатын күйлері жақсы түседі екен, сөйтіп аспаптың репертуары біраз байып қалды. Қазақтың теріс бұраумен орындалатын «Кербез қыз», «Сұр бөрке», «Ойтолғау», «Қара жорға» секілді 40-тан аса күйді жетігенге лайықтап алдым. Сол арқылы жетіген аспабының музыка ойнауы дамып, дәрежесі көтеріліп қалды. Солайша, Б.Сарыбаевтың үлгісімен жасаған Нұрлан Әбдірахмановтың 18 шекті диатоникалық жетігенін (іліп тартатын) ансамбльде қолдандым, ал жеке шыққанда көне бұраудағы аспапты қолданып жүрдім. Одан соң 2000 жылдардың басында ансамбльдерге көне аспаптарды қосу туралы шешім шыққанда жетіген, сазсырнай, сыбызғы аспаптарын дамыту қолға алына бастады. Соған орай, А.Жұбанов, К.Байсейітова атындағы музыкалық мектептерде көне аспаптарды үйретуге бізді ұстаздыққа шақырды. Осы екі мектепте бірдей сабақ беріп, екі түрлі (диатоникалық және теріс бұраудағы) жетігенді біресе ана мектепке, біресе мына мектепке тасып жүргенде осы екі аспаптан екеуіне де келетін бір аспап жасап шықса қалай болады екен деген ой келді. Сосын музыкалық аспап шебері Нұрлан Әбдірахмановқа барып, ұсынысымды айтып, ойласып отырып, бір айдан аса уақыт жұмыс істеп, жетігеннің жаңа түрін жасап шықтық. Әр ішектің астына жеке тиек орнаттық. Бұрын барлық ішекке бір тиек болса, енді әр ішекке жылжымалы бір тиек қойып, оны әрі-бері жылжытып отырып тарту арқылы жетігеннен диез, бемоль дыбыстарын алатын болдық. Солайша, жетігеннің әмбебап, жетілген түрін жасап шығуға қол жеткіздік. Ол 2003-2004 жылдар болатын. Оны, әрине, өзіміз үшін жасаған болатынбыз. Біз жетіген тартуды үйретіп жүрген кезде оның біз жасаған түріне қызығушылар көбейе бастады. Біздің үлгідегі жетігенді алғаш сатып алған Венера Табыс деген қыз қазір Астанада тұрады, белгілі жетігенші. Қазір сол біз жетілдірген жетіген Қазақстан көлемінде танымал, бүкіл жетігеншілер сол үлгіні қолданып жүр. Әлі де жетілдірудеміз. Өйткені аспапты шертіп отырғанда құлап кетпеуі үшін оның жалпақтығын үлкейтіп, кәсіби деңгейде жасау үшін Азамат деген шебермен жұмыс істеп, жасалған жеті-гендерді орындаушыларға таратып жа-тырмыз. Қазір жетіген жасаушы шеберлер бар, бірақ олар жетігенді алғашқы қал-пында жасағандықтан, аспапта музыка ойнау кезінде ыңғайсыздықтар болады. Оны біз практик маман ретінде ескертіп жүрміз. Дегенмен жетігенді әлі де жетілдіре түсу қажет деп санаймын. Қазір жетілдірілген жетіген – 21 ішекті. Көне бұрау мен диатоникалық бұрау бір жетігеннің бетіне орналасқан. Ойнау әдісіне келер болсақ, жетігенді іліп тарту мен шертіп ойнау аздық еткендіктен онда музыка ойнауды гитара, гусли секілді көп шекті аспаптардың, сондай-ақ Қытайдың гучжэн аспабының да ойнау техникасын да енгіздім.
Жетіген біздің дәуірімізге дейінгі 5-7-ғасырларда пайда болғанымен, қазақ арасында XIX ғасырдан кейін жоғалып кеткен. Сонымен бірге оның ойнау әдістері, онда ойналған музыкалық туындылар ұмыт болған. Оны Болат Сарыбаев ағамыз тапқанша ешкім білмейтін. Содан шығар, кейбір музыка зерттеушілері бізде бұл аспап қолданылмаған дегенді де айтып жүр. Бірақ бізде жетігеннің болғаны тарихи деректерде айтылады. Ол тек қазақ халқына ғана тән аспап болмағанымен, жалпы түркі халықтарына ортақ музыкалық аспап екені талас тудырмауы керек. Тек оның ұзын тұрқы көшпелі елдің ары-бері алып жүруіне қиындық тудырғандықтан бірте-бірте қолданыстан шығып, ұмытылып қалған сияқты. Бізге жеткен кей деректерге қарағанда, ежелгі кездің өзінде бұл аспаптың орындаушылары сирек болған. Ол тек дәулетті адамдардың үйлерінде тұратын қымбат, ерекше мүлік болған.
– Жетіген аспабында музыка ойнаудың қандай ерекшеліктері бар?
– Аспапта музыка орындаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Көбіне біз теріс бұраумен шертілетін домбыра күйлерін жетігенге лайықтаймыз. Құрманғазы, Дина, Сүгір, Тәттімбет секілді атақты күйшілеріміздің күйлері жетігенде өз нақышын тауып орындалмай жатады. Сондықтан домбырамен тамаша тартылатын күйлердің әдемі қалпын бұзбай-ақ қояйық, одан да теріс бұраудағы көне күйлерді орындайық деп шештік. Ол күйлерді домбырашылар аздау орындайды, себебі дамып кеткен домбыра аспабында әлгіндей күйлерді орындау қарадүрсіндеу көрінеді, ал жетігенге керемет үйлеседі. Алтай, Қобда, Баян-Өлгий қазақтарының күйлері, шығыстың шыңырау күйлері жетігенде әдемі орындалып жатыр. Жетігенде музыка ойнаудың бір ерекшелігі осы.
Сосын жетігеннің сүйемелдеуімен ән орындау дәстүрі қалыптасып келеді. Өйткені бұл тұрғыда жетіген қазақтың гитарасы секілді болып тұр. Бірақ екпінді, тез ырғақты әндер жетігенге келмейді, сондықтан оны күштеп жасаудың керегі жоқ. Жай, сызылтып салатын лирикалық әндер жетігенмен орындауға тамаша үйлеседі. Сондықтан жетігенге ән лайықтаған кезде күрделендірмей, қарапайым түрде аламыз.
Қазір оқу жүйесіндегі талапқа сай академиялық шығармаларды орындауымыз керек. Концерт, соната, фантазия, пьесаларды жетігенде орындап жатырмыз. Оның бәрі жетігенге арнап жазылған туындылардың тапшылығынан. Сондықтан гусли, гитара, арфа аспаптарына арналған жақсы шығармаларды жетігенге лайықтап орындап жатамыз.
– Әр музыкалық аспапта музыка ойнаудың методикалары бар ғой, жетігенге арналған методикалар бар ма?
– Жетігенде музыка ойнау методикасы жазылды. 2016 жылы жетігенде музыка орындау әдістемесін шығарған болатынмын. Сонда жетігенде музыка ойнаудың әдіс-тәсілдері түгелдей айтылған. Музыканы қалай ойнау керек, оның штрихтары қандай, жетігенге қолды қалай қою керек, қалай отыру керек, аспаптың құлақ-күйін қалай келтіру керек дегеннің бәрі сонда бар. Ол бүгінде еліміз көлемінде пайдала-нылып жатыр.
– Қазір жетіген аспабында ойнайтын жастар көбейіп келеді. Жетіген түрлі оркестрлерде лайықты орнын тапты. Бірақ бұл аспапқа арнайы музыка жазатын композиторлар аз сияқты көрінеді...
– Бұл сұраққа жоғарыда ішінара жауап беріп кеткен сияқтымын. Бұл мәселе әлі шешімін таба қойған жоқ. Қазір жетігеншілер арасында өз шығармаларын орындап жүргендер бар. Оны оркестрге немесе фортепианоға қосып тартып жүргендер бар. Алайда олардың қай-қайсысы да кәсі-би композиторлар емес. Оны шығарып жүргендер, әрине, жетігеннің табиғатын түсінетіндер. Бірақ олардың шығармалары кең тарала қойған жоқ, себебі білімді, оқыған кәсіби композиторлар мен әуесқой музыка шығарушылардың деңгейі әртүрлі. Сол үшін де нағыз композиторларға жетігенге арнап музыка жазып беруін сұрап жатырмыз, бірақ олар тара-пынан әзірге ерекше құлшыныс байқалып жатқан жоқ. Жетігенге байланысты ақтаңдақ осы болып тұр. Көне замандарда жетігенмен күрделі шығармалар емес, шағын әуендер орындалған дейді. Күй не ән емес, формасы шағын, сызылта салатын лирикалық әуендер болса жетігенге жақсы түседі. Жетігеннің репертуарын домбыра күйлерімен толықтыра берсек, ол аспап ретіндегі өзіндік бет-бейнесінен алыстап кетуі мүмкін. Сондықтан таза жетігенге келетін әуендер туса, сөйтіп бұл аспаптың өзіндік репертуары болса деген арманы-мыз бар. Әзірше, біз домбыраға арналған, сол сияқты өзге де шекті аспаптарда орын-далатын шығармаларға байланып қалған-даймыз. Дегенмен болашақта жетігеннің бағын жандыратын музыкалар жазылады деп үміттенемін.
– Домбырашыларға, қобызшыларға арналған түрлі конкурстар өткізіліп жатады. Жетігенді танытуға арналған сондай шаралар бар ма?
– Иә, қазір жетігеншілерге арналған конкурстар көп. Үкімет тарапынан ұйымдастырылатын конкурстарға жетіген номинациясы қосылып жатыр. Сол сияқты, ақылы конкурстарда да жетігенге арналған номинация бар. Биыл, міне, бірінші рет маусым айында ақылы түрде жетіген аспабына арналған конкурс өтті. Ондай конкурстар бұрын Ақтау, Орал, Алматы қаласында да болды. Мұның бәрі жетіген аспабының кең түрде насихатталып, ұлттық музыкалық аспаптарымыз қатарынан лайықты орын алғанының көрінісі болса керек. Алда көнеден жеткен тамаша аспаптың бұдан да биік дами беретіні анық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ