Ақтөбеде екі қарияны өлтіріп, бір әйелді кепілге алған ер адам өмір бойына сотталды

Бүгін, 09:15 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбеде 38 жастағы ер адам екі зейнеткерді өлтіріп, бір әйелді кепілге алғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қылмыс 13 қаңтарда жеке үйде болған. Ер адам таныс әйелінің анасы мен өгей әкесімен бірге тұратын үйінің ауласына кіріп барған. Іс материалдарында көрсетілгендей, айыпталушы әйелге үйленгісі келген, бірақ әйел бас тартқан.

Алдымен ол әйелдің анасына шабуыл жасап, оған 20-дан астам пышақ жарақатын салған, кейін денесін жертөлеге тастаған. Біраз уақыттан соң, анасын таппаған қыз сыртқа шығып, жазғы ас үйдің есігінің ашық тұрғанын көреді. Іште айыпталушы болған. Ол қызды ұстап, қол-аяғын байлап тастаған.

Жазғы ас үйге кірген өгей әкесіне айыпталушы жұдырықпен және балтамен шабуыл жасаған. Қанды жағдайдан кейін қарт кісіні де жертөлеге тастаған.

Туыстары қоңырауға жауап болмаған соң алаңдап, полиция шақырған. Айыпталушы үй ішінде бекініп, әйелді кепілге алып, ешкімге есік ашпаған. Бастапқыда ол ақша талап еткен. Кейін әйелді босатудан мүлдем бас тартқан. Үш сағаттық келіссөзден кейін полиция штурм жасап, ер адамды ұстаған.

Жәбірленуші мен оның ата-анасы ауруханаға жеткізілді. Әйелдің анасы жолда көз жұмды, ал өгей әкесі ауруханада қайтыс болды. Кепілдегі әйелдің басы мен қолдары кесілген.

Айыпталушы Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша жауапқа тартылды: «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру», «Адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, күш қолдану арқылы», «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру».

Сотта айыпталушы тек әйелдің анасын өлтіргенін мойындап, қарт ер адамды өгей қызы өлтірді деп мәлімдеді.

Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар, жәбірленушілерге 7,3 миллион теңге материалдық шығын, 20 миллион теңге моральдық өтемақы және соттағы өкілге кеткен шығын ретінде 500 мың теңге төлеуге міндеттеді.

 

Тэгтер:

Ақтөбе қария кісі өлтіру кепілге алу