Атырау облысында газ құбырының құрылысы кезінде тірі қарлығаш балапандары ұяларымен бірге құм астында қалды. Жүрек ауыртар жағдай Индер ауданы мен Батыс Қазақстан облысының шекарасына жақын маңда тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Құрылыс жұмыстары бірнеше айға созылып, траншеялар табиғи ортаға айналған. Сол аралықта қарлығаштар ұя салып, балапан басқан. Алайда бұл экологиялық факторлар құрылыс барысына ескерілмеген.
Экскаваторшы Асқар Иманғали траншеяны қазу кезінде пысылдаған дыбысты естіп, тоқтап қалғанын айтады. Жақын барып қараған кезде ондаған ұя мен тірі балапандарды көреді.
Қолым бармады. Құммен көмуге дәтім жетпеді. Қызметімнен айырылсам да, шөмішті түсірмеймін дедім, - дейді Асқар Иманғали.
Ол бұл көріністі видеоға түсіріп, компания басшылығына жолдаған. Бұған дейін Теңіз кен орнында ұқсас жағдай туындағанда, шетелдік компания құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтатып, балапандар ұшып кеткенше техниканы пайдаланбағанын мысалға келтірген.
Алайда бұл жолы компания басшылығы ескертулерді елемей, жұмысты жалғастыруды бұйырған. Келесі күні Асқардың орнына басқа оператор келіп, ұяларды балапандарымен бірге көміп тастаған.
Мен ештеңе істей алмадым. Жүрегім ауырды. Бұдан кейін сол жерге қайта барғым келмеді. Басқа учаскеге ауыстыруын сұрадым, - деді ол.
Қарлығаштар – Қазақстан табиғатының айнымас бөлшегі. Олар көктемде ұшып келіп, жаз бойы ұя салып, ұрпақ өрбітеді. Көп жағдайда жартастарда, ағаш қуыстарында немесе үңгірлерде тіршілік етеді. Алайда табиғи тепе-теңдік техника мен уақыт қысымының құрбанына айналған бұл жағдай қоғамда экологиялық сана мен жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.