Павлодар облысында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жоғалып кеткен төрт турист құтқарылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Оқиға 3 шілде күні кешкі уақытта орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, Жасыбай көлінің маңында төрт адам күндіз тауға көтеріліп, бірақ кеш түскен соң өз бетімен түсе алмай, қиын жағдайда қалған. Олар құтқару қызметіне көмек сұрап хабарласқан.
Жедел түрде оқиға орнына шыққан Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағы арнайы жарықтандыру және альпинистік құралдарды пайдаланып, таулы аймақта іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында барлық турист қауіпсіз жерге түсірілді. Оларға медициналық көмек қажет болмағаны хабарланды.
ҚР ТЖМ тұрғындарды таулы және орманды аймақтарға шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтауға, ауа райы мен жер бедерін ескеруге шақырады.