Парижде қазақстандық стилистті тонап кетті

3 шілде, 2025 / Інжу Әлихан
скриншот

Белгілі қазақстандық стилист Лилия Рах жұмыс сапары кезінде Парижде өзін тонап кеткенін мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.

«Достар, жағымсыз оқиға жайлы айтып, баршаңызды сақ болуға шақырғым келеді. Мені қонақүйде тонап кетті. Жұмыс үшін арнайы алып барған барлық әшекей бұйымдарымды ұрлап кеткен. Ең сорақысы — қонақүй қызметкерлерінің реакциясы. Таңертең болған жайтты үрейлене айтып бергеніме қарамастан, ешкім қимылдаған да жоқ. Ресепшнде отырған үш адам өз істерімен айналыса берді. Бар айтқандары: «Менеджер келеді», — деді Лилия.

Оның айтуынша, менеджер расында келген, бірақ тек түске таман ғана. Ол полиция бөлімшесіне барып арыз жазуды ұсынған. Алайда Лилияның айтуынша, қонақүй тарапынан көмек көрсету сол жерден әрі қарай жалғаспаған.

«Біз барлық құжаттарды толтырдық. Бұл жұма күні болды, ал бізге дүйсенбіге дейін күту керек деді. Өте жағымсыз жағдай, бірақ одан да сорақысы — қызметкерлердің немқұрайлығы. Ешқандай жанашырлық жоқ, көмектесуге талпыныс та, бастама да жоқ». — деп түйіндеді Рах.

Стилисттің айтуынша, ол бұл қонақүйде бұрын да бірнеше рет тоқтаған және сервиске әрдайым сенім артқан. Алайда енді қонақүй бизнесіндегі қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселелері туралы тереңірек ойлануға мәжбүр екенін айтады.

Тэгтер:

ұрлық Париж стилист