«Жерді аялайық»: «Таза бейсенбі» акциясы – тек тазалық жұмыстары ғана емес, жас ұрпаққа үлгі көрсету

3 шілде, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде кең көлемді «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы тұрақты түрде жалғасып келеді.

Алматы облысында бұл жолы тазалық жұмыстары Қарасай ауданындағы Шамалған өзенінің маңында ұйымдастырылды. Экологиялық іс-шараға барлық деңгейлі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты. 30-ға жуық адам белсенділік танытып, туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Осылайша, 2 гектар жерден жиналған 1,5 тонна қоқыс арнайы полигонға жіберілді.

«Жаз мезгілінде тұрғындардың жиі демалатын орны – өзен-көл жағалаулары. Сондықтан Шамалған өзені маңайын таза ұстау – басты міндетіміз. Тазалық барысында ұзақ уақыт жиналған тұрмыстық қалдықтар, полиэтилен пакеттер мен пластик бөтелкелер жиналып, арнайы полигонға жөнелтілді. «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ауыл-аймақтарда да жақсы жолға қойылып келеді. Бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Әр азамат туған жеріне деген сүйіспеншілігін ең алдымен айналасын таза ұстау арқылы көрсетуі керек деп есептеймін», – деді «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов.

Ақмола облысы Степногорск қаласында мемлекеттік қызметкерлер мен партия мүшелері қаладағы тазалық шарасына белсенді қатысты. Іс-шараның бастамасы ретінде 100-ден астам адам орталық алаңда дене жаттығуларын жасап, кейін орталық саябақты тазалауға кірісті. Ер азаматтар шөп шауып, әйелдер айналаны сырлап, ағаштарды әктеді.

Алматы қаласында тазалық жұмыстары Желтоқсан саябағында ұйымдастырылды. Қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, арамшөптерді жұлып, саябақты ретке келтірді. Мұндай бастамалар қоғамдық кеңістіктерді жайлы етіп қана қоймай, халық арасында экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.

«Біз бәріміз бір Жер бетінде, бір атамекенде өмір сүріп жатырмыз. Балаларымыз бен немерелеріміз біздің немқұрайлығымыздың зардабын тартпаса екен деймін. Жерді аялаңыздар, ол – жалғыз», – деді №28 қалалық емхананың директорының орынбасары Дидар Ерменбаев.

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы шаһардағы Еңбекші ауданындағы №30 мектеп маңында өтті. Тазалық жұмыстарына 70-тен астам адам қатысып, мектеп айналасын қоқыстан тазартып, шөп шауып, ағаштарға санитарлық кесу жүргізді. Осылайша бұл аумақ енді оқушылар мен тұрғындар үшін әлдеқайда жайлы әрі қауіпсіз орынға айналды.

Кезекті Таза бейсенбі экоакциясы Жетісу облысының Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылында да өтті. Бұл жолғы іс-шараға 30 адам қатысып, өз аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Жалпы акция аясында өңірде 113 учаске мен су айдындары, өзен-көл жағалаулары тұрмыстық қалдықтардан тазартып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосуда.

«Мұндай игі шаралар – табиғатқа жанашырлық танытудың нақты көрінісі. Ауыл тұрғындары ұйымшылдықпен атсалысып, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын көрсетті», – деп атап өтті.

Ал маңғыстаулық белсенділер «Жасыл ел» еңбек жасағымен бірігіп, «Тәуелсіздік саябағында» тазалық жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, көгалдандырумен айналысты.

Солтүстік Қазақстан облысы Явленка ауылында Есіл өзенінің жағалауында өткен экологиялық акцияда партия мүшелері мен жергілікті мекеме қызметкерлері бірнеше сағат бойы қоқысты жинап, жағалауды тазалады.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Үшбұлақ ауылында өткен тазалық жұмыстары аясында Ардагерлер аллеясын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Игі іске аудандық партия филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов, Қарабау бастауыш партия ұйымының төрағасы Еркін Ахметов және басқа да белсенділер қатысты.

Ұлытау облысы Қаражал қаласында «Мәңгілік Ел» алаңында өткен акцияға «Жасыл ел» жастары мен партия мүшелері қатысты. Олар бірнеше сағат ішінде алаңды арам шөптерден тазартып, 5 қап қоқыс шығарды.

«Таза бейсенбі» — елдің экологиялық әл-ауқатын жақсартуға арналған нақты қадам. Бұл бастама тек тазалық жұмыстары ғана емес, жас ұрпаққа үлгі көрсету, табиғатқа жанашыр болуға тәрбиелеу. Қарапайым тазалау арқылы қоршаған ортаға, туған өлкеге жанашырлық танытамыз. Бүгін жастармен бірлесіп, біраз шаруа тындырдық», – деді партия филиалының өкілі Жансая Садуақасова.

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы алты айында бұл акция ел аумағында 26 рет ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлерінде өтті. 600-ден астам ластанған аумақ – саябақтар, скверлер, өзен-көл жағалаулары, Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткіштер, тарихи-мәдени маңызы бар нысандар тазартылды. 15 мыңға жуық адам атсалысып, 2000 тоннадан астам қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.

Тэгтер:

экологиялық акция Таза бейсенбі