Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев және Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысы Сайрам ауданының шалғай елді мекендерінде ашылған жаңа шаруашылық кешендерінің жұмысымен танысты.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов, партияның Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов және ауыл ақсақалдары, жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Депутаттар Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекенінде орналасқан «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-ның банан өсірілетін жылыжай кешенімен танысты. 5,3 гектар аумақты алып жатқан кешенде ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнім жерсіндіріліп, банан өсіру ісі қолға алынды. Мұнда жылына 1 мың тонна өнім өндіріліп, ішкі нарықты қамтамасыз етуде. Кешен директоры Тимур Утешевтің айтуынша, 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1,056 млрд. теңгені құрады. Барлық жабдықтар Түркиядан жеткізілді. Мұнда қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, қосымша 15 адам маусымдық жұмыстарға тартылуда.
Екінші кезеңде банан бауы қосымша 4,8 гектарға егіліп, тағы 5,4 гектарға – қызанақ, 1 гектарға – құлпынай өсіру жобалары қолға алынады. Үшінші кезеңде 2,7 гектар жерге қияр өсіру көзделуде. Барлық кезеңдер табысты жүзеге асырылған жағдайда, бұл шаруашылық отандық нарықты 1500 тонна – банан өнімдерімен, 120 тонна – құлпынаймен, 3153 тонна – қызанақпен және 1125 тонна қияр өнімдерімен қамтиды. Жоба құны барлық кезеңдерді қоса алғанда 13,4 млрд теңгені құрап, 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Мемлекет тарапынан сумен, электр қуатымен және газбен қамтуға, жер асты суын пайдалану үшін ұңғыма шаруашылығын жолға қоюға көмек көрсетілуде.
Мәжіліс депутаттары кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіріп, елімізге ғана емес, тұтас ТМД кеңістігіне таңсық банан шаруашылығын табысты жүзеге асырып жатқанына ризашылығын жеткізді. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қазақстандық аграрлық сала мамандарын жаңа технологияларға үйретуге шақырды. Бұл бағытта «AMANAT» партиясының облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, озық үрдістерді енгізген шаруашылық базасында бастауыш партия ұйымын құру бойынша ұсыныстарын айтты.
Аграрлық саланы заман талабына сай дамыту мәселесіне назар аударған Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында берген тапсырмаларына тоқталды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала ретінде танылып, ол экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс екенін жеткізді. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі екенін айта отырып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесіне баса мән берілетінін мәлімдеді.
– Жұмысымызды бастамас бұрын, Түркияға арнайы барып, сол елдің жылыжай кешендерін зерделедік. Түрлі дақылдардың өнімділігін бағаладық, біздің климатқа лайықты болатын дақыл түрлерін әбден зерттедік. Сондай-ақ еліміздің импорт-экспорт статистикасын, аймақтың даму мүмкіндіктерін, нарық қажеттіліктерін бағамдадық. Осы параметрлердің бәрін есепке ала отырып, банан өсіруді қолға алдық. Түркиядан мамандар шақырып, жабдықтарды орнаттық, біздің жерімізге лайықты банан сұрыптары жеткізілді. 2023 жылғы маусым айында 5 гектар жерге банан өсіруді қолға алдық. Биыл мамыр айында еліміздің жалпы нарықтық сұранысының 1 пайызын өтеуге қабілетті бірінші өнім жиналады. Бананның бір түбі 15 жыл бойы өнім береді. Біз қазір жылына екі мәрте өнім алып отырмыз. Алдағы уақытта кешен аумағын кеңейтіп, нарықтың 30 пайызын қамту жоспарланған. Қазір кешенде Түркияның 50 үздік агрономы қызмет атқаруда, – деді кешен директоры Тимур Утешев.
Өңірдегі жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаттары Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС-ның балық өсіру жобасымен де танысты. Дәулеталы Абдраманов жетекшілік ететін бұл кәсіпорын шабақ өсіріп, тауарлы балық өндіру ісін жолға қойған. 259 гектар жерде тоғандар салып, аталық-аналық балық түрлерін өсіріп жатқан кәсіпорын жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтып отыр. Жоба құны 750 млн. теңгені құрайды және мұнда 19 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданы бойынша 20 агроқұрылым балық шаруашылығымен айналысады. 2024 жылы осы кәсіпорындарда 1271,6 тонна тауарлы балық өндірілді.
– Біздің кәсіпорын 26 тоғаннан тұрады, оның 13-і – табиғи тоған болса, қалғандары – жасанды. 2016 жылдан бастап шабақ өсірумен айналысып келеміз. Ақ амур, карп, сазан және дөңмаңдай сынды балық түрлерін өсіреміз. Барлық өнімді ішкі нарыққа шығарамыз, – деді Даулеталы Абдраманов.
Балық өсірумен айналысатын кәсіпкер балық түрлерін дамыту, оның жемін өндіру, тоғандық балық шаруашылығының тиімділіктері, суды үнемді пайдалану, несие беру мәселелері бойынша ұсыныстарын білдіріп, осы бағыттарда жүйелі мемлекеттік саясатты орнықтыру мәселесін көтерді. Кәсіпкердің ұсыныстарын депутаттар салалық орталық мемлекеттік органдарға жеткізетін болып келісті.
– Депутат ретінде халықпен кездесіп, азаматтар көтерген өзекті мәселелерді жинақтап келеміз. Азаматтардың барлық сұранысын Үкімет пен орталық мемлекеттік органдар алдында көтереміз. Биыл Түркістан облысында табиғи қуаңшылық аса маңызды мәселеге айналды. Мәселен, Бәйдібек ауданындағы шаруа 1 мың гектар жері оруға келмейтінін айтып, 78 млн. теңге көлеміндегі несиенің өтеу мерзімін ұзарту бойынша көмек сұрап келді. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне баса мән беріп отыр. Біз шаруаларды қиын-қыстау кезде жалғыз қалдырмауымыз керек. Созақ ауданында тұрғындар газ мәселесін көтерді, Кентаудағы өндіріс орындары да өзекті мәселелерін жеткізді, қаладағы Дарын мектебіне қатысты өтініштерін білдірді. Бүгінгі кездесуде банан шаруашылығын аралап көрдік. Осы бастаманы іске асырып жатқан кәсіпкерді қоғам болып қолдауымыз қажет. Балық шаруашылығының жұмысымен таныстық, кәсіпкер несие беру мәселесін қозғады. Барлық мәселенің шешім табуға күш саламыз, – деді Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдбеков.
Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жастарға қолдау көрсетудің, қабылданған заңдарды халыққа түсіндірудің мәні мен маңызына тоқталды.
«Бұл кездесулердің мақсаты – «AMANAT» фракциясы бастамашыл болған заңдардың пайдасын жұртшылыққа түсіндіру. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы ретінде жарияланды. Атаулы жылға орай, кәсіпорындардың, шаруашылықтардың жұмысымен танысып, болашағынан үміт күттіретін кәсіби мамандарды партиялық қызметке тартуды мақсат етіп отырмыз. Біз өз ісінің білікті маманы саналатын жалынды жастарға қолдау көрсетуіміз қажет. Партия берген уәделердің, сайлауалды бағдарламаның орындалуы да ұдайы назарымызда. Қазір жылыжай шаруашылықтары қарқынды дамуда. Оған дәлел – банан өсіретін жылыжай шаруашылығының жұмысы. Елімізде жаңа Су кодексі қабылданды, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін құқықтық механизмдер түзілді. Нәтижесінде еліміз бойынша балық шаруашылығы ілгері қадам басып келеді, – деді Қайрат Балабиев.