Жапонияда он күнде 900 рет жер сілкінген

3 шілде, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

2025 жылдың 21 маусымынан бастап Жапонияның оңтүстігінде орналасқан Токара аралдарында 900-ден астам жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жапонияның метеорологиялық агенттігінің мәліметінше ең күшті жер сілкінісі 2 шілдеде болған. Ол кезде жер сілкінісінің магнитудасы 5,5-ке жетті. Жердің қатты сілкінгеніне қарамастан, әзірге айтарлықтай бүлінулер мен адам шығындары туралы хабар жоқ. Бірақ билік жергілікті тұрғындарды одан да қуатты сілкіністер болуы мүмкін деп ескертіп, эвакуацияға дайын болуға кеңес берді.

Ең көп сілкініс – 183 – 23 маусымда тіркелген. Осы күннен кейін сейсмикалық белсенділік сәл бәсеңдегенімен, маусым айының соңында қайта күшейді: 29 маусымда 98 жер сілкінісі, ал 30 маусымда 62 жер сілкінісі болды. Жеті қоныстанған аралдан тұратын архипелаг билігінің мәліметінше, бұл аймақта шамамен 700 адам тұрады, және олар үздіксіз сілкінулерден қатты шаршап, түнде ұйықтауға қорқып қалған.

Мұндай сейсмикалық белсенділіктің күрт артуы 2023 жылдың қыркүйегінде де байқалған – сол кезде Токара аралдарында 346 жер сілкінісі тіркелген. Жапония төрт тектоникалық плитаның түйіскен жерінде орналасқандықтан, бұл елде сейсмикалық құбылыстар жиі болып тұрады. Жыл сайын мұнда шамамен 1500 жер сілкінісі тіркеледі, бұл Жапонияны әлемдегі ең сейсмоактивті елдердің біріне айналдырады.

Ел билігі сонымен қатар алдағы 30 жылда Нанкай жырығы аймағында орын алуы мүмкін мегажер сілкінісі қаупін де еске салды. Сарапшылардың болжауынша, мұндай апаттың орын алу ықтималдығы 75-82% аралығында. Егер бұл болжам расқа айналса, салдары апатты болуы мүмкін.

Тэгтер:

жапония сейсмика Арал жер сілкінді