Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мұндай үкімді Алматы облысының алқабилер соты шығарды. Сот Көкірекбаевты аса ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп таныды.
Көкірекбаевпен бірге бұл іс бойынша оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер ұйымның директоры Андрей Поплавский де жауапқа тартылды. Үшеуі де сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу мәліметінше, шенеуніктер нақты орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін мердігерден ірі көлемде ақша алған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал шамамен 2 миллиард теңгені құрайды.
Сот үкіммен Кәрім Көкірекбаев 12 жылға, Әділет Ахатаев пен Андрей Поплавский — әрқайсысы 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Еске салайық, Кәрім Көкірекбаев 2022 жылдың желтоқсанында ұсталған болатын. Оған 800 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген айып тағылған.
2024 жылы оны алқабилер соты ақтап шықты. Алайда прокуратура бұл шешімге қарсылық білдіріп, ақтау үкімінің күші жойылды.