Қазақстанда жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық Домбыра күні атап өтіледі. Биыл бұл мереке 6 шілдеде тойланбақ, деп хабарлады turkystan.kz.
2018 жылы Президенттің бастамасымен бекітілген бұл мереке ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жастардың дәстүрлі мәдениетке қызығушылығын оятуға және ұрпақтар сабақтастығын насихаттауға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі осы күнге орай республикалық іс-шаралар жоспарын бекітті.
Биыл ел көлемінде 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады, оның 200-ден астамы өңірлерде жоспарланған.
6 шілде күні Алматы қаласындағы MEGA Alma-Ata ашық алаңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің мерекелік концерті өтеді. Сонымен қатар Көктөбе саябағының алаңында «Dombyra party» атты салтанатты концерт ұйымдастырылады.
Астанадағы амфитеатр алаңында Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт ұйымдастырылады.
Жамбыл облысында, «Көне Тараз» археологиялық саябағы аумағында «Ұлттық домбыра күні – баба үніне құрмет» атты музыкалық кеш өтеді.
Түркістанда, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығының алаңында «Домбыра – дастан» атты мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, елімізде Домбыра күніне орай челлендж өтіп жатыр, оған 100-ге жуық мәдениет саласының көрнекті өкілі қатысуда.