Перизат Қайраттың Biz Birgemiz қоры жұмысын біржола тоқтатты

3 шілде, 2025 / Алуа Арман
Ғаламтор

Астана апелляциялық соты Перизат Қайрат құрған «Biz Birgemiz Qazaqstan - 2030» қорының таратылуы жөніндегі шешімді күшінде қалдырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осылайша, қоғам белсендісінің өз қайырымдылық қорын «қалпына келтіру» әрекеті тағы да сәтсіз аяқталды.

Бұған дейін Экономикалық сот Әділет министрлігінің талап-арызы негізінде аталған қорды мәжбүрлі түрде таратқан болатын. Сот материалдарына сәйкес, Перизат Қайрат қорды тіркеу кезінде басқа «құрылтайшылардың» қолдарын қолдан жасаған. Сараптама бұл әрекеттің жалған екенін растады, ал хаттамаға есімдері енгізілген адамдар бұл жобаға ешқандай қатысы жоғын мәлімдеді.

Сот тіркеу барысында заң бұзушылықтарға, соның ішінде азаматтардың келісімінсіз олардың деректерін пайдалану арқылы конституциялық құқықтарының бұзылғанына назар аударды. Бұл жағдай қорды таратуға негіз болды.

Айта кетерлігі, қор құрылған кезден бастап ешқандай қаржылық есеп жарияламаған, ал оның атауы Halyk Bank-тің танымал «Birgemiz» платформасына әдейі ұқсастырылып қойылған, бұл халықты шатастыруға себеп болған.

Тэгтер:

қор Перизат Қайрат апелляция