Көкшетауда 150 адам сиятын оңалту орталығы салынып жатыр

3 шілде, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Көкшетау қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған заманауи оңалту орталығының құрылысы жалғасып жатыр. 150 орындық бұл жаңа нысан денсаулығын қалпына келтіріп, толыққанды өмірге оралуға мұқтаж мыңдаған адамға қолдау болмақ. Орталықты салу – Мемлекет басшысының тапсырмасы мен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясындағы маңызды бастамалардың бірі. Бағдарламада барлық азаматтардың қоғам өміріне тең қатысуына жағдай жасау көзделген.

Орталық «Сарыарқа» шағынауданында орналасқан, жалпы аумағы 12 мың шаршы метрден асады. Құрылыс аяқталған соң, жыл сайын мұнда 1 500–1 800 адамға медициналық қызмет көрсетілмек. Кешен тәулік бойы ем-дом алуға және барлық қажетті оңалту түрлеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда жобаны қайта пысықтау мен қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты орталық 2027 жылы ғана пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қазіргі жағдаймен Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева танысты.

«Осындай оңалту орталықтарының бой көтеруі – өңірлерде мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажетіне жарайтын қызметтерді қолжетімді ету жолындағы үлкен қадам. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін мұндай мекемелер денсаулығын қайта қалпына келтіріп, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз Президенттің тапсырмалары мен мыңдаған отбасының үміті ақталуын және мерзімінде орындалуын қадағалаймыз. Облыс орталығында өмірлік маңызы бар нысанның жылдар бойы іске қосылмауы – ешқандай ақтауға келмейді. «AMANAT» партиясы нақты шаралар қабылдауды талап етіп, мерзімдердің бұзылуына жауапты адамдарды анықтап, жауапкершілікке тартуды көздейді. Мұндай нысандар бос тұрмай, халық игілігіне қызмет етуі тиіс», – деді депутат.

Көкшетаудағы жоба партияның «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бағдарлама тек нысандар салумен шектелмей, қалалық ортаны жан-жақты бейімдеуді де қамтиды. Тек Ақмола облысында ғана 1 037 нысан – мектептер, ауруханалар, мұражайлар, спорт залдары заманауи талаптарға сай жаңартылды. Алдағы бір жарым жылда бұл тізімге тағы 176 ғимарат қосылады. 2027 жылға дейін облыс бойынша 958 нысанды бейімдеу жоспарланған. Оларға пандустар орнату, тактильді көрсеткіштер, арнайы лифтілер қою сияқты жұмыстар жүргізіледі.

Инклюзивті білім мен спортқа да айрықша көңіл бөлінген. Мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалып, отбасыларға нақты көмек көрсетіліп келеді. Сонымен қатар инватакси қызметін дамыту, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға тегін жол жүру мүмкіндігін ұсыну қолға алынған. Қазіргі таңда мұндай шаралар Көкшетау мен Бурабайда іске асып жатыр.

Айта кету керек, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында «Aleumet» қосымшасы іске қосылып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға тауарлар мен қызметтерді онлайн тапсырыс беру жолдары қарастырылды. Соңғы бір жарым жылда 7 мыңға жуық әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары бейімделді. 2022 жылдан бері мүгедектік бойынша жәрдемақы орта есеппен 23 пайызға өсті.

Бұдан бөлек, үшінші жыл қатарынан Мәжілісте «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы жұмыс істеп келеді. Оның құрамында 20-ға жуық депутат бар. Осы топтың бастамасымен тұрғын үй саясаты заңына өзгерістер енгізіліп, мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасылары үшін баспана алу кезінде бірінші кезекте берілетін құқық қарастырылды. Сондай-ақ колледждерге қабылдау кезінде квота көбейтілді және басқа да маңызды жеңілдіктер қарастырылды.

Тэгтер:

Көкшетау оңалту орталығы Инклюзивті Парламент Наталья Дементьева