Ақтөбе облысында локомотив депосында жарылыс болып, екі жұмысшы қаза тапты

3 шілде, 2025 / Алуа Арман
pixabay.com

Ақтөбе облысында «Камкор Локомотив» ЖШС-ға тиесілі локомотив депосының аумағында жарылыс болып, екі жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 26 маусым күні шамамен сағат 17:20-да депоның бір цехында дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде болған. Жарылыстан кейін өрт шыққан, төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртті кәсіпорын қызметкерлері өрт сөндірушілер келгенге дейін өз күштерімен сөндірген.

Зардап шеккен электр дәнекерлеушілер көпсалалы облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оларды аман алып қалу мүмкін болмады: жұмысшылардың бірі 30 маусымда, екіншісі 1 шілдеде көз жұмды.

«Пациенттерге тәулік бойы қажетті медициналық көмек көрсетілді, бейінді мамандар бақылауында болды, алайда жарақаттары өмірмен үйлесімді болмады», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Қайғылы оқиғаның себептерін мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен арнайы комиссия анықтап жатыр. Ақтөбе облысының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Камиевтің айтуынша, тергеу жұмыстары 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі, қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта комиссия оқиғаға қатысты материалдарды жинап, куәгерлерден жауап алумен айналысуда.

Тэгтер:

жұмысшы Жарылыс локомотив депо