Әлеуметтік желіде үйлердің арасында жүрген ерекше жануардың видеосы тарады, деп хабарлады turkystan.kz сайты lada.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл жануар — сусар тұқымдасына жататын сирек аң. Қызыл кітапқа енген.
Ол сырт келбетімен сусарға немесе қара күзенге ұқсайды. Денесінің ұзындығы 29-38 см, құйрығы – 15-22 см, салмағы – 370-730 грамм. Ерекшелігі — жүнінің ала-құла түсі. Бұл аң көбіне ымыртта немесе түнде белсенді, ал күндіз көбіне інінде жатады. Індерін өзі қазып алады немесе басқа жануарлардан «мұраға» алады. Кейде тіпті адамдардың құрылыстарында да өмір сүріп кетуі мүмкін.
Ол жерде де, ағашқа өрмелеп те аң аулай алады. Дегенмен негізгі қорегі — жер астындағы кеміргіштер: дала тышқандары, суырлар, хомяктар. Сондай-ақ ұсақ құстар мен жәндіктерді де қорек етеді.
XX ғасырда олардың саны күрт азайып кеткен. Бұған аң терісіне қызығушылық емес, керісінше олардың тіршілік ететін далалық аймақтардың егіншілік мақсатта игерілуі себеп болды.
ECOJER қауымдастығының аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Әділбек Қозыбақов аңның бұл түрі Маңғыстау өңірінде өте сирек кездесетінін айтады.
– Бейнежазбада, болжам бойынша, кеміргіштердің ізімен ауыл шетіне шығып кеткен жас аң болуы мүмкін. Бәлкім, ол қызығушылықпен өзіне бейтаныс жерлерді зерттеп жүрген, – дейді ол.
Аң аулауға бұл жануардың еш пайдасы жоқ: терісі өте ұсақ, коммерциялық құны жоқ. Бірақ оның өзіндік «қорғаныс қаруы» бар: қауіп төнгенде ол сасық күзен (скунс) сияқты өте жағымсыз иіс шығарады, бұл шабуылдаушыны үркітеді.