Үндістандағы жаңбырлы маусым салдарынан 51 адам қаза тапты

2 шілде, 2025 / Өтей Торғайұлы

Үндістанның солтүстігіндегі Химачал-Прадеш штатында муссон маусымының басталуына байланысты толассыз жауған жауын салдарынан көшкін мен су тасқыны болып, 51 адам қаза тапты, 100-ден астам адам түрлі жарақат алған. Бұл туралы turkystan.kz NDTV телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Кейінгі аптада жауын-шашын, сел мен көшкін салдарынан штаттың 12 ауданы зардап шекті. 22 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Аймақта 400-ден астам жол жабылып, тұрғын үйлерге, көпірлерге, электр желілеріне және ауыл шаруашылығы алқаптарына айтарлықтай зиян келді.

Үндістан метеорологиялық департаменті қауіпті ауа райы күтілетінін білдіретін «қызғылт сары» деңгейдегі дабыл жариялады. Билік тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып отыр.

Айта кетейік, Химачал-Прадеш штатында жауын-шашын маусымы маусымның соңынан қыркүйекке дейін жалғасады. Осы кезеңде жылдық жауын-шашынның негізгі бөлігі жауады.

Тэгтер:

Жаңбыр үндістан Өлім