«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай коммуналдық сала қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырды. Әл-Фараби ауданында өткен жиынға мәслихат депутаттары мен партия өкілдері қатысып, еңбек адамын қолдау мәселесін талқылады.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаттары Бөкейхан Әбішев пен Бақытжан Позилов, сондай-ақ партияның Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек қатысты.
Кездесу барысында Ербол Байқонысов коммуналдық салада еңбек етіп жүрген азаматтардың қоғамға қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастаманың астарында терең мән жатыр. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайтын – дәл осы мамандық иелері», – деді ол.
Мәслихат депутаты Бақытжан Позилов та жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін арттыру қажет екенін тоқталып, тиісті қолдау шаралары қабылданып жатқанын айтты.
«Бүгінде дәнекерлеуші, құрылысшы сынды мамандықтарға сұраныс жоғары. Сондай-ақ Президентіміз айтқандай, олардың еңбегі лайықты бағаланып келеді. Ендігі кезекте, өзге де жұмысшы мамандарының мәртебесін көтеру мәселесі күн тәртібінде тұр», – деді депутат.
Кездесу барысында коммуналдық сала қызметкері Халима Сапарова ұжымның бірқатар ұсынысын ортаға салды.
«Қаланың тазалығына күнделікті үлес қосып жүрген жұмысшылар үшін арнайы демалатын, киім ауыстыратын, тамақтанатын орындар қарастырылса жақсы болар еді. Сонымен қатар тазаланған аулалардың қайта ластануын болдырмау үшін бейнебақылау орнатуға ықпал етсеңіздер. Себебі, кейде еңбегіңіз еш кетеді», – деді ол.
Бұған қоса, коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі де сөз болды. Депутаттар көтерілген мәселелерді назарға алып,оларды тиісті органдармен бірлесіп шешу жолдарын қарастыратындарын айтты.