Бұған дейін Мұнайлы ауданының тұрғындары кез келген күрделі медициналық көмек алу үшін Ақтауға баруға мәжбүр еді. Жүктілік кезінде асқыну болып немесе ауыр халде қалған күннің өзінде адамдар сағаттап жолға шығуға мәжбүр еді. Себебі Маңғыстау облысындағы халқы ең көп ауданда толыққанды аурухана болмаған. Бұл жағдай 9 маусымда түбегейлі өзгерді – Мемлекет басшысының тапсырмасы және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Маңғыстау ауылында 150 орындық жаңа аудандық аурухана ашылды.
Жаңа көпсалалы аурухана алты корпустан тұрады: жұқпалы аурулар бөлімі, балалар бөлімшесі, терапия, босану блогы, зарарсыздандыру, диагностика қызметтері, қабылдау бөлімі және бірнеше операциялық бөлме бар. Медициналық мекеме 150 науқасқа арналған, штатында 260 маман жұмыс істейді. Аурухананың жұмысымен Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Асхат Аймағамбетов пен Еділ Жаңбыршин және Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден танысты. Олардың айтуынша, бұл жоба халыққа берілген әлеуметтік уәделердің іс жүзінде орындалғанының дәлелі.
«Бұл – 200 мыңдай тұрғынның көп жылғы үмітін ақтаған маңызды жоба. Біз осы жобаны партияның сайлауалды бағдарламасына енгіздік және нәтижесін көзімізбен көріп тұрмыз: заманауи операциялық бөлмелері, зертханалары, қабылдау және босану бөлімдері бар аурухана енді 50 шақырым қашықтықта емес, ауданның өзінде тұр», – деді Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин.
Кездесуде денсаулық сақтау жүйесін жаңарту да басты тақырып болды. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов дәрігерлерге медицина саласын дамытуға бағытталған шаралар туралы баяндады.
Ауылдық жерлердегі дәрігер тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі. Биыл Маңғыстау облысының ауылдарына көшіп барған 32 дәрігерге 100 ЕТЖ ең төменгі жалақы мөлшерінде (шамамен 9 миллион теңге) көтерме төлем берілді. Жалпы, ел бойынша 700-ге жуық медицина қызметкері ауылдық жерге жұмысқа ауысты. Бұл да «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Бұған қоса, Президенттің тапсырмасымен медицина қызметкерлерін кәсіби сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Енді дәрігерлік қателік жағдайында шығындар маманның жеке қаражаты емес, бюджет есебінен өтеледі. Асхат Аймағамбетов өз сөзінде осыған ұқсас Мәжіліс депутаттары мен партияның өзге де нақты жетістіктерін атап өтті.
«Біз қорғаған ең маңызды нәрсе — алғашқы медициналық көмекті бәріне қолжетімді ету. МӘМС жарнасы болмаса да: поликлиникаға баруға, негізгі анализ тапсыруға, ЭКГ, УЗИ өтуге, әлеуметтік маңызды аурулар бойынша ем алуға (туберкулез, ВИЧ, онко), дәрігер кеңесін алуға құқығы бар. Бұл міне, Президенттің тапсырмасына сай, оны қамтамасыз ететін, маңызды шешім болды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерге ҚҚС 0% мөлшерлемесі қолданылады. Бұл шешім – ең қажетті дәрі-дәрмектердің бағасының қымбаттауына жол бермеуге мүмкіндік береді. Ол мысалы онкология, орфандық аурулар, психикалық, диабет, сирек кездесетін немесе аутоиммундық және басқа да көптеген аурулар бойынша баға өспеу үшін маңызды шешім болды», – деді депутат.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары мемлекет денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөле бастады: заманауи ауруханалар салынып жатыр, дәрігер мәртебесі артып келеді, бюрократия азайды. Олар партияның халық өтініштерін қарап, нақты өзгерістерге қол жеткізіп жүргенін және медицина қауымдастығының пікіріне құлақ асатынын байқауда. Дегенмен кадр тапшылығы, тұрғын үй, шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін логистика мәселесі әлі де өзекті. Дәрігерлердің пікірінше, бұл түйткілдерді жүйелі түрде шешу, ашық диалог жүргізу және бірлесіп әрекет ету маңызды.
«Біз көп жыл бойы толыққанды аурухана ашылғанын күттік. Қазір бәрі бар – заманауи кабинеттер, қабылдау бөлімдері, құрал-жабдықтар, зертханалар. Ең бастысы, енді пациенттерді Ақтауға жібермей, өз ауданымызда қабылдай аламыз. Бұл жай қолайлылық емес, бұл – өмірді құтқаратын мүмкіндік», – деді Мұнайлы аудандық ауруханасының директоры Жанар Досжанова.
Депутаттар тек аурухананы аралап қана қоймай, медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдап, өзекті мәселелерді ашық талқылады. Айтылған ұсыныстар депутаттардың бақылауына алынып, жауапты министрліктермен бірлесе пысықталады.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Маңғыстау облысы сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 6 денсаулық сақтау нысанын салу, 10 нысанды күрделі жөндеуден өткізу және бастапқы медициналық-санитарлық ұйымдарды заманауи құралдармен 100% қамтамасыз ету жоспарланған.