Алматыда әйелдің ішінен 9 ай бойы жатқан медициналық дәке табылды. Бұл туралы адвокат Анна Чернова мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.
Әйел осы уақыт аралығында ауырсынуға шағымданып жүрген, алайда дәрігерлер нақты себебін анықтай алмаған. Кейін белгілі болғандай, дәрігерлер ота кезінде оның ішіне дәке салып, ұмытып кеткен.
Адвокаттың айтуынша, былтыр тамыз айында әйел Алматыдағы №2 перзентханаға үшінші баласын босану үшін түскен. Оған кесар тілігі арқылы ота жасалды.
«Ота жасалғаннан кейін-ақ, келесі күні әйел қатты ауырсынуға шағымданды. Ол дәрігерлерден: "Өтінемін, УДЗ-ны мұқият қарап шығыңыздаршы, жағдайым өте нашар" деп сұраған. Бірақ дәрігерлер оның шағымын елемеген көрінеді. Біздің ойымызша, тексеру тек формалды түрде жүргізіліп, артынша: "Бәрі таза!" деп шығарып салды. Сөйтіп, науқас алдағы 9 ай бойы жан қинайтын ауырсынумен өмір сүріп келді. Ол дұрыс ұйықтай да, тамақ та іше алмай, әрең қозғалып жүрді. Жаңа туған сәбиін қолына алуға да шамасы келмеді. Салмағы күрт төмендеп, ауырсыну үдей түсті. Әйел бірнеше жеке клиникаға барып, көп тексеруден өтті. Көп қаражат жұмсағанымен, бәрі нәтижесіз болды. Диагноздар өзгеріп отырды, алайда бірде-бір дәрігер нақты себебін таба алмаған», – деді адвокат Чернова.
Тек 2025 жылдың мамыр айында КТ (компьютерлік томография) нәтижесі жамбас тұсында бір түзілісті көрсеткен. Бастапқыда ісік болуы мүмкін деген күдік туған. Әйел шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды.
«2025 жылдың 3 маусымында шұғыл ота кезінде дәрігерлер әйелдің ішінде ұмыт қалған дәкені тапты. Ол кесар тілігі кезінде мемлекеттік перзентханада қалдырылып кеткен. Тоғыз ай ішінде дәке іріңді қабыну мен перитонит туғызып, ішкі ағзаларды зақымдаған. Дәрігерлер ішектің бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болды», – деді адвокат.
Зардап шеккен әйел кінәлілерді жауапқа тарту үшін сотқа жүгінуді көздеп отыр.
Қазір әйелді ұзақ әрі ауыр оңалту мен қалпына келу кезеңі күтіп тұр. Хирургтердің айтуынша, тағы бір апта кешіккенде оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмас еді. Қазір ол калоприемникпен өмір сүріп жатыр және ішекті қалпына келтіру бойынша тағы бір отаға дайындалып жүр. Дәрігерлер оның бұрынғыдай толыққанды өмірге орала алатынына кепілдік бере алмай отыр.