«Ерте зейнетке шығуға, қымбат пайызсыз баспана алуға жағдай жасаса...»: депутаттар Қарағанды шахтерлерімен жүздесті

2 шілде, 2025 / Дана Ізтілеуова

«AMANAT» партиясының фракция мүшелері Қарағанды маңындағы «Киров» шахтасының еңбек ұжымымен кездесті. Шахтерлер жұмыс қауіпсіздігі, әлеуметтік көмектер, қолжетімді баспана және мамандықтың болашағы туралы сұрақтарды қозғады. Әдеттегі ресми баяндамалар емес, күн сайын қауіпті жағдайда еңбек ететін шахтерлермен шынайы әрі еркін әңгіме өрбіді. Осындай ашық әңгіме еңбек мамандықтары жылы айрықша мәнге ие болды, себебі бүгінде жас мамандарға қолдау мен жігер беретін шаралар қажет.

Қазіргі таңда «Киров» шахтасында «Exim Artis» компаниялар тобынан шамамен 650 адам еңбек етеді. Кәсіпорын жарты жылда 220 мың тоннадан аса көмір өндіріп, жылдық жоспардың тең жартысынан көбін орындады. Шахта тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, өндірістің тұрақтылығын дәлелдеп отыр.

Бүгін еңбек ұжымымен «AMANAT» партиясының фракция мүшелері, Мәжіліс депутаттары Арман Қалықов, Үнзила Шапақ, Құдайберген Бексұлтанов, Бауыржан Смағұлов және Тілектес Адамбеков кездесті. Халық қалаулылары шахтерлерге Мемлекет басшысының реформалары мен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы ақпарат берді. Сайлау науқаны барысында партия өкілдері мен сайлаушылардың кездесулерінде ең маңызды мәселелердің бірі – зиянды әрі қауіпті өндірістерде еңбек ететін жұмысшыларды ертерек зейнетке шығару жайы болды. Сол себепті өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.

«Зиянды өндірістерде еңбек ететіндер үшін зейнетке шығу жасын 55 жасқа төмендететін заң бір жарым жыл бойы жұмыс істеп келеді. Егер олар кейін қауіпті жұмыстарды жалғастырмаса, арнайы әлеуметтік төлемдер төленеді. 63 жасқа толғаннан кейін зейнетақы қорынан төлемдерге базалық және ынтымақты зейнетақы қосылады, ал республикалық бюджеттен, жұмыс берушілер мен сақтандыру компанияларынан төленетін төлемдер тоқтатылады. Айта кетейік, Айта кету керек, жұмысшы өндірісте еңбек етуді жалғастыра алады, оны ешкім себепсіз жұмыстан шығаруға құқылы емес», – деді депутат Бауыржан Смағұлов.

Халық қалаулысы осы уақыт ішінде 15,5 мыңнан астам қазақстандық бұл мүмкіндікті пайдаланғанын, олардың 2,5 мыңнан астамы Қарағанды облысының тұрғындары екенін атап өтті.

Сондай-ақ маңызды мәселе – еңбекті қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, өткен жылы Қарағандыда қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби денсаулық институты қайта құрылған.

«Оның негізгі миссиясы – кәсіби аурулардың профилактикасы, диагностикасы мен емі, сондай-ақ еңбек медицинасы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары. Бұл бұрыннан бар мәселені шешу үшін қабылданған шара болды: зиянды кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдарға арналған мамандандырылған қызметтерді жоғалту қаупі туындаған еді. Бұл аманат «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламамызға енгізіліп, жүзеге асырылды. Институт зиянды өндірістерде жұмыс істейтін жарты миллион қазақстандықтың денсаулығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері әлі күнге дейін өзекті болып тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің статистикасы бойынша, Қарағанды облысы өндірістік жарақаттану бойынша көш бастап тұр – 2024 жылы 159 адам зардап шеккен. Сондықтан Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Арман Қалықов еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне баса назар аударды.

«Шахтаға түсу – офис жұмысына ұқсамайды, бұл – шаң, соққы толқыны, газ. Мұндай жұмыс күн сайынғы ерлікке айналады. Сондықтан қауіпті өндірістерде еңбек ететіндердің мүдделері мен жалпы еңбек адамдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым Мемлекет басшысының бақылауында болады. Бір жыл болды, депутаттар қабылдаған маңызды заңдар жұмыс істеп келеді, олар жұмысшының кінәсіне қарамастан, өндірістегі апаттар кезінде толық сақтандыру төлемдерін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар егер қауіпсіздік ережелері бұзылса, еңбек инспекторларының өндірісті дереу тоқтату құқығы бар», – деді ол.

Ал шахтерлер жастардың жетіспеушілігі мәселесіне назар аударды. Шахтерлердің көпшілігі – әке жолын жалғастырушылар. Алайда жас мамандарды тарту, жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламаларын кеңейту және шахтерлерге әлеуметтік қолдаудың жаңа шараларын енгізу маңызды.

«Біз жеңіл жағдайларды сұрамаймыз – біздің жұмысымыз осындай. Бірақ мемлекет шынымен қамқор болып, ерте зейнетке шығуға, қымбат пайызсыз баспана алуға жағдай жасап, қауіпсіздік бұзылғанда еңбек инспекторы жұмысты бірден тоқтата алатынын көргенде, бойымызға сенім ұялайды. Ең бастысы – айтылған сөз бен атқарылған іс үйлесуі керек. Сонда жастар шахтаға келеді, өйткені бұл мамандық тұрақтылық береді», – дейді шахта тазалау бөлімінің жұмысшысы Леонид Рукшин.

Бұл бағытта «AMANAT» партиясы кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр: жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылады, колледждер мен мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі, жастарды өңірлерде жұмысқа орналастыруды қолдау бағдарламалары жүзеге асырылып отыр.

Кездесу соңында депутаттар бұл мәселелерді заң шығару бастамалары, партия бағдарламалары және Үкіметпен бірлескен жұмыс арқылы жүйелі түрде шешуге дайын екендерін айтты.