Парламент Сенаты және Мәжілісінің депутаттары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ресми сапармен барып, ғылыми орталықтардың жұмысымен танысты, деп хабарлады turkystan.kz.
Оқу ордасына Парламент Сенатының депутаттары – Алтынбек Нухұлы, Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары – Жанарбек Әшімжанов, Ирина Смирнова, Айдос Сарым, Ермұрат Бәпи арнайы ат басын бұрды.
Кампус тур аясында қонақтар алдымен «Қашықтан зондтау технологиясы және оларды қолдану» Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасын аралады. Қытай Ғылым академиясының Экология және география институтымен бірлесіп құрылған қашықтықтан зондтау орталығында спутниктік және геокеңістіктік талдаудың озық әдістері пайдаланылады. Ғалымдар Орталық Азиядағы климаттың, экологияның өзгеруі, құрғақшылық, жердің деградациясы, су ресурстарының тапшылығы және Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі сынды құбылыстарға сараптама жүргізеді.
Мәртебелі меймандар бұдан кейін Суперкомпьютер орталығында болды. Орталық мамандары әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі ҚазҰУ-да екенін жеткізді. Оның қуаты ең заманауи дербес компьютерден 10 000 есе артық. Қазіргі қолданыстағы компьютерлердің ондаған жылдар бойы орындайтын есептерін бір сағатта шешуге қабілетті. Еліміздің зерттеушілері ҚазҰУ суперкомпьютерінің есептеу қуатын климаттық модельдеу, машиналық оқытудың озық алгоритмдерін әзірлеу, Big Data және жасанды интеллект салаларында да пайдалана алады.
Ал робототехника орталығында Германияның алдыңғы қатарлы «KUKA» компаниясының роботтары қонақтар назарына ұсынылды. Депутаттар өндірісті автоматтандыру, цифрландыру бағытындағы қызметтің өзектілігіне мән беріп, ғылыми орталық қызметкерлерімен пікір алмасты.
Сондай-ақ Farabi HUB инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында да болып, университеттің зерттеу нәтижелерін көзбен көрді. Мұндағы соңғы үлгідегі зертханалар ғылым мен технологияның әртүрлі салаларында зерттеулер жүргізіп, тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады.
Іс-шара соңында депутаттар ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымы мүмкіндіктерін талқылап, жоғары баға берді.