Қазақстандық жас ғалымдар бұзылған аумақтарды қалпына келтірудің тың әдісін ұсынды

2 шілде, 2025 / Алуа Арман
gov.kz

Сәтбаев Университетінің бір топ жас ғалымдары гипераккумуляторлық өсімдіктер мен микоризияларды қолдана отырып, ашық тау-кен жұмыстары салдарынан бұзылған жерлерді рекультивациялау процесін қарқындатудың тың әрі экологиялық тәсілін әзірлеп жатыр. Бұл бастама еліміздің шөлді және шөлейтті аймақтарында ауыр металдармен ластанған жерлерді қалпына келтіру ісінде жаңа кезеңнің бастамасы болмақ.

Жобаның ғылыми негізі – белгілі бір өсімдіктердің (гипераккумуляторлар) топырақтан ауыр металдарды сіңіру және жинақтау қабілетіне, сондай-ақ топырақтағы пайдалы микроағзалармен симбиоздық қатынаста болатын микоризиялардың әсеріне негізделген. Бұл тәсіл жер бедерін табиғи жолмен қайта қалпына келтіруді қамтамасыз етіп, экожүйенің тұрақты дамуына жол ашады.

«Гипераккумуляторлық өсімдіктер мен микоризияларды пайдалану – еліміздің климаттық жағдайына бейімделген, тиімді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әдіс. Мұндай биологиялық тәсілдер тек тау-кен өндірісінің қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін азайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығына жарамды алқаптардың көлемін ұлғайтуға да септігін тигізеді», – дейді жобаның жетекшісі, PhD докторы, Сәтбаев Университеті Тау-кен металлургия институтының профессоры Жақыпбек Ырысжан.

Бүгінгі таңда зерттеу жобасы нақты тәжірибе жүзінде апробациядан өтіп жатыр. Таңдалған сынақ алаңдарында алғашқы оң нәтижелер тіркеліп, өсімдіктердің ауыр металдарды сіңіру деңгейі мен топырақтың экологиялық жағдайының жақсаруы байқалады. Бұл өзгерістер зерттеу тобы тарапынан ғана емес, жобаның іске асырылып жатқан пайдалы қазбалар кен орындарының басшылығы тарапынан да жоғары бағаланып отыр.

Аталған зерттеу жобасы Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі аймақтарындағы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және табиғи ортаны қалпына келтіру ісіне елеулі үлес қосуы тиіс. Сонымен қатар бұл бастама жас ғалымдардың ғылым мен өндіріс тоғысында нақты нәтижеге бағытталған ізденістерінің айқын көрінісі болып отыр.

Сәтбаев Университеті – Қазақстандағы тау-кен, металлургия және инженерлік саладағы жетекші жоғары оқу орны. Университет қабырғасында экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми жобалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

Тэгтер:

жас ғалым тың әдістер бұзылған аумақтар Сәтбаев университеті