2025 жылғы 2 шілдеде Петропавл халықаралық әуежайынан алты жылдан кейін алғашқы халықаралық жолаушылар рейсі орындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
SCAT әуекомпаниясы Петропавл – Шарм-эль-Шейх бағыты бойынша чартерлік әуе қатынасын іске қосты. Рейстер әр 10 күн сайын Boeing 737 ұшағымен орындалады.
Шалғай солтүстіктегі әуежайдан халықаралық рейстердің қайта жандануы тек авиация саласы үшін емес, жалпы Солтүстік Қазақстан өңірі үшін де маңызды оқиға. Петропавлдан халықаралық ұшулар 2019 жылы тоқтатылған болатын.
Халықаралық рейсті ұйымдастыру үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Әуежайдың инфрақұрылымы реттеліп, Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі мен Кедендік бақылау қызметкерлерінің жұмысы үшін қажетті орындар мен жабдықтармен қамтамасыз етілді. Барлық рәсімдер қолданыстағы заңнама мен халықаралық авиациялық стандарттарға сәйкес жүргізіледі.
SCAT әуекомпаниясының мәліметінше, Египет – қазақстандықтар үшін ең сұранысқа ие туристік бағыттардың бірі. Петропавлдан тікелей рейстің ашылуы өңір тұрғындары үшін тікелей ұшулар географиясын кеңейтіп, көршілес облыстардың ірі әуежайларына бару қажеттілігін азайтады.
«Халықаралық қатынастың қайта жандануы – бұл әуежай ғана емес, бүкіл өңір мен СҚО тұрғындары үшін де маңызды оқиға. Енді тұрғындарға демалысқа аттану үшін өзге облыстар мен әуежайларға барудың қажеті жоқ. Рейсті іске қоспас бұрын елеулі дайындық жұмыстары жүргізілді: шекара қызметі мен кеден өкілдерінің жұмыс істеуіне арналған орындар жаңартылып, бейімделді», – деп атап өтті Петропавл халықаралық әуежайының атқарушы директоры Мустафа Йылтан Октем.