Шетелдің екі азаматы 77 жастағы қарағандылық зейнеткерді алдап, 22 млн теңгесін алып кеткен

2 шілде, 2025 / Алуа Арман
polisia.kz

Қарағандылық зейнеткерден 22 млн теңге жымқырған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы қаласында көрші елдің екі азаматы қолға түсті. Олар 77 жастағы Қарағанды тұрғынын алдап, 22 миллион теңгесін иемденген деген күдікке ілінді.

Алаяқтар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырып, зейнеткерге қоңырау шалып, жинақтарын "қорғау" қажет деген сылтаумен бар қаражатын өз еркімен беруге көндірген.

Әйел бастапқыда өзіне алаяқтық жасалғанына сенбеген, тек полицейлермен ұзақ әңгімелескеннен кейін ғана қылмыстың құрбаны болғанын түсінген.

Тінту барысында күдіктілерден жалпы сомасы 22 миллион теңге тәркіленді.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Тэгтер:

Алаяқ Қарағанды зейнеткер