Қажылық парызын өтеуге барған 8 өзбекстандық көз жұмды

2 шілде, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Сауд Арабиясына қажылық парызын өтеуге барған Өзбекстанның 8 азаматы көз жұмды, деп хабарлайды kazinform.kz.

"Өкінішке қарай, Өзбекстан үкіметі тарапынан қабылданған тиісті шараларға қарамастан, созылмалы дерті бар 4 отандасымыз қажылық кезінде қайтыс болды. Сонымен қатар осы аралықта құзырлы органдардың ескертуін елемей, Сауд Арабиясына заңсыз барған 4 Өзбекстан азаматы қаза тапты. Заңсыз жолдарды пайдалана отырып, аталған елдің аумағына енген өзбекстандықтарға алғашқы медициналық көмек көрсетілмеді", — делінген Сыртқы істер министрлігіне қарасты "Dunyo" ақпарат агенттігінің хабарламасында.

Ресми дерекке сай, биыл 15 мыңнан астам өзбекстандық қажылық парызын өтеді. Осы аралықта құжатын жоғалтқан 40-тан аса адам Джидда қаласындағы Өзбекстанның Бас консулдығына өтініш жолдаған. Тиісінше, оларға отанына оралуға рұқсат беретін куәліктер берілген.