Александр Бублик Уимблдондағы жарыстан шығып қалды

1 шілде, 2025 / Өтей Торғайұлы

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик биылғы Уимблдон турнирінде алғашқы айналымда-ақ жарыс жолынан шығып қалды, деп хбарлады turkystan.kz.

Әлемдік рейтингте 31-орында тұрған Бублик өз матчында испаниялық Хауме Муньярмен кортқа шықты. Бұл екі теннисшінің алғаш рет жолығуы.

Кездесу бес сетке созылып, үш сағаттан астам уақытқа жалғасты. Алғашқы партияда Муньяр есепті 3:1-ге жеткізіп, сол артықшылығын сақтап қалды — 6:4. Екінші сетте Бублик қарқынын арттырып, брейк жасап, 6:3 есебімен таразы басын теңестірді.

Үшінші кезең де қазақстандық үшін сәтті өтті. Алдымен 1:3 есебімен қалып қойғанымен, таразы басын 3:3-ке жеткізді де, маңызды сәттерде брейк жасап, сетті өз пайдасына аяқтады — 6:4.

Төртінші сетте есеп 5:4 кезінде Бублик матчқа доп бергенімен, шешуші сәтте өз мүмкіндігін толық пайдалана алмады. Нәтижесінде тай-брейкте қарсыласы мықтырақ болып шықты — 7:6 (7:5).

Шешуші бесінші сетте Муньярдың басымдығы анық байқалды — 6:2.

Матч барысында Бублик 21 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін ғана жүзеге асырса, Муньяр 8 эйс пен 6 брейкке қол жеткізді.

Испаниялық спортшы келесі кезеңде әлемдік рейтингте 58-орында тұрған мажарстандық Фабиан Марожанмен кездеседі. Ол алғашқы матчында аустралиялық Джеймс Маккейбті айқын басымдықпен жеңген болатын — 6:1, 6:4, 6:3.

Айта кетейік, Александр Бублик өткен жылы Уимблдон турнирінің үшінші айналымына дейін жеткен еді.
 

Тэгтер:

Александр Бублик теннис Уимблдон