Мәжіліс депутаты Өскемендегі жаңа мектептің құрылыс жұмысын тексерді

1 шілде, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда.  Бұл білім ордасы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынуда. Құрылыс барысымен Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров танысты.

Жаңа мектеп заман талабына сай жобаланған. Онда химия және робототехника кабинеттері, кітапхана, лифт, асхана, инклюзивті орта, пандустар мен тактильді жолақтар қарастырылған. Мердігерлердің айтуынша, мектеп ғимараты жаңа оқу жылы басталғанға дейін толықтай пайдалануға беріледі. Мектеп іске қосылған соң Өскемен қаласындағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі – Жібек маталары комбинаты шағынауданында орналасқан мектептің жүктемесі едәуір азаяды деп жоспарланып отыр.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында бес жаңа білім беру мекемесі пайдалануға берілді. Олар Шемонаиха, Риддер, Өскемен қалаларында және Глубокое ауданына қарасты Белоусовка ауылында орналасқан. Соның ішінде Шемонаиха ауданындағы Шәкәрім атындағы №4 және Риддер қаласындағы №12 жалпы білім беретін мектептердің оқушылары ескі, тозығы жеткен ғимараттардың орнына салынған заманауи мектептердің табалдырығын алғаш аттады. Бұл – «AMANAT» партиясының өңірде үш ауысымды және апатты мектептерді жою, кадр жетіспеушілігін азайту және инфрақұрылымды жаңарту жолындағы жұмысының айқын көрінісі.

Ерлан Саиров қазіргі таңда мектеп туралы айтқанда «Педагог мәртебесі туралы» заңды ескермеу мүмкін емес екендігіне назар аударды.

Өскеменде заманауи мектеп салынып жатыр. Бірақ мұндай білім ордасында ынтасы бар, білікті мұғалімдер жұмыс істемесе, оның еш пайдасы жоқ. «Педагог мәртебесі туралы» заңның арқасында біз соңғы жылдары тек жалақыны көтеріп қана қойған жоқпыз, сонымен қатар жақсы мұғалімдерді мектепке тартуға және оларды дамытуға жағдай жасадық. Бұл – сапалы білім берудің берік іргетасы, – деді депутат.

Мұғалім тапшылығы әсіресе ауылдық жерлерде әлі де шешілмеген мәселе. Дегенмен, педагог мәртебесін көтеруге бағытталған заңнаманың біртіндеп жүзеге асырылуы алғашқы нәтижесін бере бастады. Мұғалімдердің жалақысы екі еседен аса өсті, біліктілік, ғылыми дәреже және тәлімгерлік үшін қосымша үстемақылар қосылды, қағазбастылық едәуір азайды. Мұның барлығы ұстаз мамандығының мәртебесін арттыра түсуде.

 

Тэгтер:

Мәжіліс депутаты Өскемен жаңа мектеп