Жаттығу жасау қартаюды қалай баяулатады? – Қытай ғалымдары нақты жауабын тапты

1 шілде, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жаттығу жасау – денсаулықтың кілті екені бұрыннан белгілі. Бірақ оның нақты қалай қартаюды баяулататыны ғылым үшін әлі толық ашылмаған құбылыс болатын. Қытай ғалымдары осы сұраққа нақты жауап тапты: ұзақ мерзімді физикалық белсенділік кезінде ағзада бөлінетін бетаин атты табиғи қосылыс қартаю процесін баяулатады екен, деп хабарлайды turkystan.kz scmp-ға сілтеме жасап.

Зерттеушілердің айтуынша, бетаин жаттығу кезінде бүйрек ұлпаларында пайда болады және ол қартаюға қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ол ағзадағы қабынуды азайтып, TBK1 деп аталатын ферменттің жұмысын тежейді. Бұл фермент – денені қартайтатын негізгі биологиялық жолдардың бірі. Осылайша, бетаин бір уақытта бірнеше мүшені қартаюдан қорғауға қабілетті.

Бұл жаңалықты Қытай ғылым академиясының Зоология институты мен Бейжің геномика институтының зерттеушілері бірлесіп ашқан. Ғылыми жұмысты профессорлар Лю Гуанхуэй, Цюй Цзин және Чжан Вэйци басқарған. Зерттеу нәтижелері әлемдік беделге ие Cell журналына 25 маусымда жарияланды.

Ғалымдар бетаинді сырттан қабылдау ұзақ мерзімді жаттығудың пайдасын дәлме-дәл қайталай алатынын дәлелдеген. Яғни, егер адам үнемі спортпен шұғылдана алмаса, болашақта бетаин қоспалары сол әсерді беретін тәсілге айналуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) да денсаулықты сақтаудың төрт негізгі тірегі ретінде тамақтану, жаттығу, ұйқы және күйзелісті басқару қажет екенін атап өтеді. Бірақ соның ішінде жаттығу – қартаюға қарсы ең тиімді табиғи құралдың бірі. Ал бұл жаңалық сол механизмді тереңірек түсінуге жол ашып отыр.

Жаттығу тек бұлшық ет емес, ағзаның ішкі молекулалық жүйелеріне де әсер етеді. Қытайлық ғалымдар ашқан бетаин молекуласы болашақта қартаюмен күрестегі негізгі «құралдардың» біріне айналуы мүмкін.

Тэгтер:

Қытай ғалымдар жауап қатаю баяулату тежеу